Русский Сайттың толық нұсқасы

Бұрынғы бас банкирдің қаржы-экономикалық ахуалға байланысты пікірі

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2016
  • 1392

Еліміздің Ұлттық банкін басқарған Григорий Марченко осы аптада «Россия 24» арнасына берген сұхбатында біраз нәрсе айтты. Мысалы, Қазақстанда да, Ресейде де бас банкке сенім жоғын. Сонымен бірге криптовалюта мәселесін қозғады. «Егер орталық банктеріміз электронды валюта шығармаса, алдағы бірнеше жылда сол кеңістікті басқалар алады»,- деді ол. Жаңа технологияларды белсенді енгізу мәселесін қаузап. 

Григорий Марченко, қаржыгер:

Төлем жүйесін алайық. Оны коммерциялық банктерді қатыстырмайтындай етіп жасауға болады. Егер елде қызметі жоғары деңгейдегі мемлекеттік пошта сақтандыру жүйесі болса, халықтың тоқсан пайызына керек барлық негізгі төлемдерді содан өткізуге болады. Ал егер біреу құнды қағаздар сатып алғысы келсе, валюта нарығында ойнағысы келсе, мархаббат, коммерциялық банктерге барсын.

Марченко, соңғы 14 жылда Қазақстан, Ресей, Әзірбайжанның мұнай бағасының жоғары болуынан жақсы табыс тапқандарына, кейбір бөлігін ұлттық қорға жинақтағандарына, оның дұрыс екеніне тоқталды. Бірақ қалған бөлігін «жаңа экономика құруға» дегенімізбен, сол, жаңа экономиканы құра алмағанымызды айтты. «Егер сөйткенімізде ұлттық валюталар қайғыртатындай құламас еді, себебі біз мұнайдың орнына басқа тауарлар экспорттаушы едік»,-деді ол.  

Григорий Марченко, қаржыгер:

Өкінішке қарай, табыстың бір бөлігі сәтсіз инвестицияланды, бір бөлігі белгісіз бағытта жоғалды, бір бөлігін армансыз жұмсадық. Экономиканы әртараптандыру туралы айтқанымызбен, орындай алмадық...  Бізде үміт деген әрі әдіс, әрі стратегия, әрі саясат, әрі үміт. Мұнай бағасы жоғары кезде баға құласа не болатынын ойлағымыз келмейді, ал құлаған кезде біздің стратегия «баға қашан өсер екен» деген үмітке негізделеді. Жүйелік жол іздеу жоқ. Қаржы жүйесін толықтай қай жерде өзгерту керектігін іздемейміз.

Экономистердің «егер мемлекет тиімді жұмыс істесе және жемқорлықтан ада болса, индустриалды саясат жемісін береді, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапурдағы сияқты. Ал мемлекеттік органдар тиімсіз болса, елді жемқорлық жайласа, индустриалды саясат жағдайды тіпті нашарлатады» – деген жаңа концепциясын келтірді. Біздегі индустриалдық-инновациялық саясаттың әдемі естілгенімен, шикізат шұңқырынан алып шығатын бағдарламаға айнала алмағанын түйсіндіретін бір-ақ ауыз тұжырым...