Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтау Каспий маңы елдері басшыларының саммитіне дайындық үстінде

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2018
  • 5624

Ақтау қаласы жоғары деңгейлі меймандарды қарсы алуға дайындық үстінде. Тамыз айының ортасында Маңғыстау өңірінде Каспий маңы мемлекет басшыларының саммиті өтеді деп жоспарланған. Бүгінде шаһардың 55 жылдығына орай, халықтың игілігі үшін екі бірдей ірі нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр.

Жар асты жолы. Ең ірі жобаның бірі. Бірер айдан соң қарт Каспийдің жағасында үңгірлі демалыс орны пайда болады. Жаңа нысан жағажай бойына бір жарым шақырымға созылған. Мұнда ақтаулықтар мен қала қонақтарының демалуына барлық жағдай жасалады.  Жартастар кешкі мезгілде түрлі түсті шамдармен жарықтындырылатын болады. Жұмыстар бір ай бұрын басталған. Қазір үңгірлер бітуге жақын қалды. 

Марат Сюников, «Жар асты жолы» жобасының авторы:

Барлығы белгіленген кестеге сай жүріп жатыр. Тіпті кестеден алға кетіп барамыз. Тамыз айында үңгір дайын болады. Қазір ол 80 пайызға дайын. Оған жарық тартылып жатыр.

Облыс басшысы Ералы Тоғжанов нысандардағы құрылыс барысын күнделікті өзі бас болып қадағалап жүр. Өйткені бұл негізгі құрылыстар. Тамыз айында бұл жерлердің сәулетін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркменстан және Иран басшылары тамашалайтын болады. КСМ: Келесі маңызды бір нысан - 15 мың адамдық амфитеатр. Каспий жағалауындағы 15-ші ышқам ауданның көркін келтіре түспек бұл нысан. Екі шақырымға жуық қашықтыққа созылып жатқан ауданда киелі Маңғыстау өңірінің тарихы тұнады десе болады. Өңірдің аты аңызға айналған тұлғаларының бейнелері осы жердегі тастарға қашалатын болады. Мұндағы жұмыстар да тамыз айына дейін тас түйін дайын болмақ. Қазір он шақты компания тер төгіп жатыр құрылыс алаңында.

Асқар Керелбаев, «Альянс ЛТД»  ЖШС директоры:

Жұмыс тәулік бойы жүріп жатыр. Жоба бойынша 9 айға жоспарланған. Бірақ біз бар шаруаны 4 айда аяқтауымыз керек. Осылайша бәрі шұғыл жүріп жатыр.

Серікбай Түлетов, Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Бұл керемет құрылыс. Алаңда ұлттық, дәстүрлі аңызды мүсіндер орналасады. Және ең бастысы, бұл жерде адамдар демалатын болады. Президент тапсырмасымен Ақтауда 5 ел басшыларының саммитіне дайындық қызды. Және облыс әкімі Ералы Тоғжанов күн демей, түн демей, күннің ыстығында келіп осы істі өзі бақылап жүр. біз ақсақалдар көріп отырмыз ғой, ол кісіде тыным жоқ десе болады. Біз қаламыз қашан түрленеді екен деп көп күттік, енді міне жақын арада су жаңа жағажай пайда болады.

Каспий маңы елдерінің алғашқы саммиті 2002 жылы Ашхабадта өтті. Келесі 5 жылдан соң Тегеранда, одан кейінгісі 2010 жылы Бакуде, төртінші 2014 жылы Астрахань қаласында ұйымдастырылды. Енді кезек қазақ еліне, киелі Маңғыстау өңіріне бұйырды. Президенттер Каспидің құқықтық мәртебесін талқылайды деп күтіліп отыр.

Айгүл ӘДЕПБАЙ