Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға маңғыстаулықтардың сыйы

  • AstanaTV
  • 03 шілде 2018
  • 3313

Елорданың 20 жылдығына орай маңғыстаулықтар «Жаңғырған Маңғыстаудан - жасампаз Астанаға» атты мерекелік-мәдени шаралар өткізіп, қала көркін қыздырып жатыр. Олар Астанаға «Достық үйін» сыйға тартты. Сондай-ақ салтанатты шарада «Елбасы. Маңғыстау» атты кітаптың тұсауы кесілді. Маңғыстаулықтар бас шаһар мерейтойын 5 күн бойы дүркіретіп өткізбек. 

Елорданың 20 жылдық мерейтойын дүркіретіп өткізуге барлық облыстар білек сыбана кіріскен. Дәстүрлі мәдени шарадан маңғыстаулықтар да шет қалған жоқ. Алғашқылардың бірі болып елордаға «Достық үйін» сыйға тартты. Мұндай ғимарат елордада бұрын-сонды болмаған. 

Ералы Тоғжанов, Маңғыстау облысының әкімі:

Елбасының өзі келіп, ашты. Қарап, ішін түгел аралап шықты. Көңілі толды. Сол жерде достықтан асқан ештеңе жоқ. Себебі оның негізінде бірліктің идеясы жатыр. Келісімнің мәселесі жатыр. 

Мұнда кітапхана, музей, халықтың қолданбалы өнер шеберханаларынан бастап тілдерді оқытатын арнайы орындарға дейін бар. Сондай-ақ олар астаналықтарға ерекше үлгідегі «Табиғаты тамаша мұралы Маңғыстау» атты облыстық тарихи-өлкетану фотокөрмесін ұсынды.

Пәния Сармурзина, Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

Маңғыстау жұртшылығы кезінде пайдаланған ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрдегі экспонаттарды көріп, тамашалауға мүмкіндік алады. 

Сондай-ақ маңғыстаулық қоғам қайраткерлері мемлекет басшысына кітап сыйға тартты. 1000 данамен басылып шыққан «Елбасы және Маңғыстау» атты кітап 5 бөлімнен тұрады. Мұнда тәуелсіздік жылдарынан бастап облыстың қазіргі күнге дейін көркейіп дамығаны және гүлденгені жайлы бүге-шегесіне дейін жазылған.

Өмірзақ Озғанбаев, ҚР ардагерлер ұйымының орталық кеңесі төрағасының орынбасары:

Маңғыстаудан келген жерлестеріме, өнер саңлақтарына айтар тілегім, өнерлеріңіз үстем болсын. Осылай жақсылықпен жалғаса берсін өнер. Маңғыстаудың бай-мұраларын халқымызға әкеліп көрсете беру керек.

Мәдени шара соңында маңғыстаулықтар мерекелік концерт қойды. Мұнда  Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрлері өнер көрсетті. Шараға келушілер күмбірлеген домбыраның үнін тыңдап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Осы айдың бірінде басталған шара 5-іне дейін жалғасады.