Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға Абу Дабидің ханзадасы ресми сапармен келді

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2018
  • 3040

Астанада салынып жатқан Абу Даби көп функционалды тұрғын үй кешенінің құрылысын тездету керек. Ақордада Абу Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянды қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Бұл мұрагер ханзаданың Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары. Екі ел арасындағы тауар айналымы үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында 143,4 миллион долларды құрады. Ал былтыр бұл көрсеткіш 643 миллион доллар болған.

Айта кетерлігі, биыл 10 наурыздан бастап Қазақстан азаматтарына  Әмірліктерге 30 күнге дейін визасыз бару жеңілдігі берілді. Бүгін Абу Даби ханзадасының сапары нәтижесінде 3 құжатқа қол қойылды. Олар ҚР азаматтары мен Біріккен Әмірліктері арасындағы  сотталған адамдарды беру туралы. Мәдениет пен өнерді дамыту және ақпараттық қауіпсіздікті дамытудағы әріптестік жөніндегі құжаттар. Айта кетерлігі, қос ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың бірінші қазанынан басталды. Ал тақ мұрагері Шеих Мұхаммед Әл-Нахайян  Астанаға  2007, 2008 және 2011 жылдары келген. Осы жолғы ресми сапары барысында Абу Даби ханзадасы Астана халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатысады деп күтіліп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сауда-саттығымыз екі есе артты. Алдымызда көп мақсаттар бар. Инвестицияны сақтауға қол қойдық. Екі салықты салмау мәселесі жөнінде келістік. Бүгін мәдениет жөнінде қол қоямыз. Ұлы дала қорымен біздің Даму банкі келісімге келіп қор жасайды. Гидроэнергетиканы жекешелендірге сол қор жұмыс істейтін болады. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Араб Әмірліктері Қазақстанды қолдап келе жатыр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Абу Даби ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянға оның әкесі туралы кітап табыс етіп, Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, кеудесіне медаль тақты. 

Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян, Абу Дабидің ханзадасы, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары:

Біз - Әмірліктердегі өзіңіздің бауырларыңызбыз. Қандай қолдау керек болса, біз оны жасауға, орындауға дайынбыз. Біз үшін өзіміздің екінші еліміздей, өзіміздің бауырларымыздың арасында отыру, осы елге келу, екінші отанымызға, үлкен мәртебе болып саналады.