Ақтөбе облысындағы Егізата ауылының тұрғындары бастауыш мектептің жабылуына қарсы. Олар: «Кішкентай балаларды аудан орталығындағы интернатқа жатқыза алмаймыз, сондықтан мектепті қалдырсын», - деп отыр. Бұған дейін облыстық білім басқармасының басшысы биыл өңірде он білім мекемесінің жабылатынын айтқан. Тұрғындардың талабы орындала ма? Анықтауға тырысқан Жақсыбек Кемал.
Менің артымда тұрған мына Егізата мектебінде 6 оқушы ғана бар. Ауылда 40 түтін, 150-ге жуық адам тұрады. Тұрғындар балаларымызды енді интернатқа жіберіп оқытудан үзілді-кесілді бас тартып отыр.
Жарты ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған мектепте өткен оқу жылында 6-ақ бала білім алған. Олар төртінші сыныптан соң көрші ауылдағы интернатқа барып оқуға мәжбүр. Ал үйлеріне тек демалыстарда ғана келеді. Тұрғындар мұндай жағдайдың бастауыш сынып оқушыларына тіпті қиын екенін айтады.
«Ешкім интернатқа бермейді. Тіпті ондай ойымызда да жоқ. Сол жақта тұратын туыстарымыздың үйіне апарамыз немесе пәтер жалдап оқытамыз».
Ауылдағы жалғыз өркениет ошағы да осы мектеп. Тұрғындар ол жабылатын болса, ауылдың тоз-тозы шыға ма деп алаңдайды. Елді мекендегілер бақша егіп, мал өсіріп қана жан бағып отыр. Бізге мектеп мұғалімдерімен тілдесудің сәті түспеді. Олар үйлерінен шығуға аса құлық танытпады.
Иван Кравченко, ауыл тұрғыны:
Барлығы ауылдан кетіп жатыр . Ешкім баласын интернатқа бермейді. Елді мекеннің жағдайы енді нашарлай бере ме деп алаңдаймын.
Жуырда аудан әкімдігінің өкілі келіп, мектептің биылша жұмыс істеуі мүмкін екенін айтқан. Ал тұрғындар білім ордасы биыл болмаса да, келесі жылы анық жабылады дейді. Себебі көрші Шаңды ауылындағы мектепті жабуға шешім шығып та қойған. Білім басқармасының басшысы Мәртөкте биыл тек екі мектеп жұмысын тоқтатады деген. Ал, жоспарда тағы бірнеше білім мекемесінің бары белгілі болып отыр.
Жандос Байырханов, Мәртөк ауданының әкімі:
Алты мектеп бойынша жабылу қажеттілігі туындап отыр. Бір мектеп Егізата мектебі бойынша әлі жұмыс жүргіземіз. Қажеттілігі болса, қалдырамыз.
Айта кетелік, қазірге дейін Қарғалы ауданындағы екі мектеп жұмысын тоқтатып та үлгерді. Енді Мәртөк ауданындағы бірнеше білім ошағының есігіне қара құлып салынғалы тұр. Жергілікті билік өкілдері мектептердің жабылуын білім саласында жүріп жатқан оңтайландырумен түсіндіреді. Мұндай шешіммен келіспеген ауыл тұрғындары енді облыс басшылығына шағымданғалы отыр.
Жақсыбек КЕМАЛ