Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға 20 жыл!

  • AstanaTV
  • 07 шілде 2018
  • 3535

Астана күні жылдағы дәстүрге сай, Мемлекеттік Туды көтеру рәсімімен басталды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Туды құрметтеу Отанды сүю дегенмен бірдей. Біздің туымыз болашаққа бастайтын, алдымызда көтерген туымыз. Ата-бабаларымыз жорыққа аттанарда туың қисаймасын деген бата берген. Ол өте үлкен бата. Ту елдікпен бірдей. 

Премьер-министр статистикалық мәліметтер келтірген: 20 жылда Астана экономикасы 5,3 трлн теңгеге жетті. Құйылған инвестиция 20 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 50 есе көп. «Оның бюджеттен тыс бөлігі 80 процентті құрайды», деген үкімет басшысы 20 жылда Астана құрылысына 2,3 трлн теңге салынғанын айтты. Ал мемлекет қаржысы 3 есе болып қайтыпты. Астананың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,1 процентті құрайды. Бұл – Алматы қаласы (11,3 триллион теңге) және Аты­рау облысынан (6 трил­лион теңге) кейінгі көр­сеткіш.

Оразалы Сәбден, экономист:

Астанада үрдіс беретін бұл, қаржы орталығы. Осы орталыққа үлкен инвестициялар келмекші. Орталықтың бағдарламасы бойынша алдымыздағы 5 жылда 5 млрд доллар инвестициялық қаржы болады деген ой бар. Әңгіме қалай жұмыс істеуде. Қаржы бәрімізге керек. Бірақ қазіргі уақытта бірінші капиталдан басқа, идея керек, жаңа жобалар керек. Міне, біздің Астанамыз жаңа жобалар тудырып жатыр.

Халық саны 1998 жылдың ба­сындағы 300 505 адамнан 2018 жылдың басында 1 030 577 адамға дейін көбейді. Енді мынадай мәселе – ғылым-білімді дамыту. Себебі елдің, Астананың даму жолы деген айналып келгенде ғылым жолы. Ал сандарға қарасақ... 

Оразалы Сәбден, экономист:

Астана, Алматы, Түркістан экономикамен қатар, рухани донор болуы керек. Осыны ұмытпайық. Білімді, ғылымды қатты қолға алу керек. Өкінішке орай, білім-ғылым төмен жағдайда. Шетелде ғылымға 4,5 пайыздан кем салмайды. Бізде 0,14 –ақ пайыз. 30 есе аз салып отырмыз. Онда қалай дамимыз? Экономика ғылыммен байланысты. Сондықтан ғылымға күш салу керек.

Сонымен ЭКСПО көрмесінің алаңында «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды. Сарапшылар «Астана» қаржы орталығы Орта Азия мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың қаржылық хабына айналуы мүмкін, деп отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:Қазақстанды көркейту және еліміздің стратегиялық мақсатына жету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экономиканы индустрияландыру, әртараптандыру белсенді жүргізілуде. Мемлекеттің үшінші жаңғыру бастамасы цифрландыру бағдарламасымен жүзеге асырылуда. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығы негізгі реформалар мен өзгерістердің маңызды буыны болып саналады. Оның қызметіне сәттілік тілеймін. Бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!

«Астана» қаржы орталығының аймақтық қана емес, ислам әлемі қаржысының халықаралық хабына айналуына мүмкіндігі барын Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджар айтты.

Бандар Хаджар, Ислам даму банкі тобының президенті:Астана аймақтардың бизнес және коммерциялы хабы ретінде дамып келеді. Ислам даму банкінің тобы Қазақстанды соңғы 20 жылда қолдап келеді. Бұл қаржы орталығы Исламдық қаржы қызметінің индустриясын да алға жылжытады. 

Қаржы орталығының басты бағыты - елге инвестиция тартып, Қазақстанның құнды қағаздар нарығын дамытып, халықаралық биржалармен иық тірестіру. Ол үшін посткеңестік елдерде жоқ мүмкіндіктер жасалды. Оның қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріліп отыр. Валюталық, визалық және еңбек режимдері де жеңілдетілді. Тәуелсіз сотқа Ұлыбритания мен Уэльстан 9 сот және халықаралық арбитраж орталығына 23 арбитр тартылды. Яғни шетелдік инвесторлардың құқы сақталады деген сөз.

Қайрат Келімбетов, АХҚО басқарушысы:

Шанхай қор биржасына жаңа акционерлер қосылды. Акционерлер арасында Жібек жолы қоры пайда болды. Ол капиталы 40 млрд долларға жететін «Бір белдеу - бір жол» бастамасымен айналысатын ірі ұйым. Олар Қазақстанның бірқатар инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларына 2 млрд доллардай қаржы құюға дайын екенін бүгін естідік.

Қаржы орталығымен Шанхай қор биржасы мен америкалық NASDAQ қоян-қолтық жұмыс істемек. Бүгінде қаржы орталығында 55 ірі компания тіркеліп үлгерген. 2020 жылға дейін олардың санын 500-ге жеткізу жоспары бар. Қаржы министрлігі шығаратын құнды қағаздарға сұраныс АҚШ, Еуропа елдерінен болса, қазақстандық акцияларға Шығыс Азия қызығушылық танытып отыр. Маңыздысы – елдегі инфрақұрылым, компаниялардың ашықтығы, табыстылығы шетелден қаржы тартуға бәрі, бәрі әсер етеді. Әзірге мемлекет шығаратын құнды қағаздарға қызығушылық басым.

Енді айтпай кете алмайтын скептик ой. Ресейдегі ірі қаржы институты «Сбербанктің» басшысы Герман Грефтің пікірін келтірейік.«Қазақстандағы биржаға шетелдік ірі ойыншыларды тарту оңай болмайды, себебі орталықтың өтімділік көлемі ірі акцияларды орналастыруға дайын емес. Және бірер жылда оны істей де алмайсың. Сіздер ұсынып отырған өтімділік соншалықты жоғары емес. Сондықтан әуелі шағын ойыншылардан бастау керек». Дегенмен Греф орта мерзімді перспективада Астана қаржы орталығы жоғары деңгейге көтеріле алады деп сенеді. Ірі қазақстандық компаниялардың акцияларын жекешелендіру үшін орналастыру істің дұрыс басталғанын көрсетеді, деп есептейді. Кеше Астана қаржы орталығын Астана күніне келген Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз республикасының президенттері де барып көрді.