Русский Сайттың толық нұсқасы

Фанаттары сүйікті футбол клубын қарыздан құтқару үшін қаржы жинауға кіріскен...

  • AstanaTV
  • 07 шілде 2018
  • 2216

Ал «Ақтөбе» футбол клубының «13-інші сектор» деп аталатын фанаттар тобы арнайы шот ашып, қаржы жинауға кіріскен. Сүйікті командасын қарыз шұңқырынан алып шығу үшін. Мұндай елімізде тұңғыш рет болып отыр. 5 рет ел чемпионы атанған«Ақтөбе» футбол клубының төңірегінде мәселе көп. Соңғы жылдары клуб футболшыларының «добы дөңгелемей-ақ» қойды. Футболшылар жалақыларын ала алмай, бірнеше мәрте соттасты. Соның кесірінен биыл чемпионат басталарда команданың 6 ұпайы шегерілді. Клубтың қарызы әлі көп. Бірер апта бұрын тіпті, клуб «банкрот» деп жарияланып, «жабылады» деген қауесет те тараған. Дегенмен... Жақсыбек Кемал баяндап береді. 

Еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» футбол клубының басынан соңғы жылдары дау арылмай-ақ қойды. Қиындықтар екі жыл бұрын клубтың сол кездегі бас директоры Дмитрий Васильевтің «240 миллион теңгені жымқырды» деп айыпталуынан басталған еді. Одан кейін облыстық спорт басқармасының басшысы да қамауға алынды. Екеуі де қазір шартты мерзім арқалап, бостандықта жүр. Алайда клубтың өзі қаржылық қиындықтан шыға қойған жоқ. Команда өткен маусымдарда ойнаған шет елдік футболшыларға үлкен көлемде қарыз.Берешектің жалпы көлемі екі миллиард теңге екені айтылады. Жыл басында командаға Самат Смақов басшылыққа келді. Оның басты міндеті де клубты қаржылық қиындықтардан шығару болатын. Еліміздің ең әйгілі футболшыларының бірі ол міндетін орындауға барынша тырысып жатқанын айтты.

Самат Смақов, «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры:

2016-ыншы жылғы қарызды биыл толығымен өтедік. Оны бюджет қаржысынан емес, клубтың өз ақшасымен жауып отырмыз. Банкорттық туралы сөз жоқ. Қосымша қаражат қарастырылып жатыр. Ол футболшылар мен жаттықтырушыларға былтырғы тамыз бен қараша айлары үшін төленеді. Жыл соңына дейін толық шешеміз деп ойлаймын.

ФИФА-ның тәртіптік комитеті маусым басында клубтың футболшы Некоға қарызына байланысты 6 ұпайын алып тастаған еді. Нәтижесінде «Ақтөбе» командасы ел біріншілігінде соңғы орындардан ұзақ уақыт шыға алмады. Тек өткен ойындарда ғана қатарынан бірнеше мәрте жеңіске жетіп, турнирлік кестедегі жағдайын біршама түзеп алды. Дегенмен жанкүйерлерді клубтың соңғы уақыттағы жағдайы алаңдатып отыр. Бұған дейін «Ақтөбе» клубы «банкрот» деп жарияланып, жабылып қалуы мүмкін»,- деген сыбыс та шыққан. «13-інші сектор» деп аталатын фанаттар тобы тіпті, арнайы шот ашып, қаржы жинауға кіріскен. Клубқа жанкүйер болғанына 15 жыл толған Аман Махамбетияров - солардың бірі. Оның айтуынша, сүйікті командасы үшін жанкүйерлер еліміз бойынша алғаш рет ақша жинап жатыр.

Аман Махамбетияров, «Ақтөбе» ФК жанкүйері:

Қазіргі жағдайы көңіл алаңдатарлық болып тұр. 3-4 жыл бойы жиналып қалған қарыздардың кесірінен клуб алты ұпайынан айрылды. Енді екі маусымға жаңа футболшылар алуға тыйым салып жатыр. Енді тағы қарыздарын төлемесе, тағы алты ұпайынан қағылуы мүмкін деген сыбыстар шығып жатыр. Бұның бәрі жанкүйерлер үшін оңай емес. Футболшылар үшін де, әрине. Еңбектері зая кетеді. Сол себепті Ақтөбе қаласының жанкүйерлері өздері бастап, ақша жинап жатыр.

Команда қаржылық қиындыққа тап болғанда, жанкүйерлердің бұлайша қаржы жинау оқиғасы бұған дейін Түркия, Англия елдерінде болған екен. Ал «Ақтөбе» клубы жанашырларының айтуынша, жиналған қаржы әлі үш жүз мың теңгеге де жетпейді. Бірақ бастамаға үн қатып жатқандар баршылық. Бұл жағдайға байланысты команданың бас бапкері де өз пікірін білдіріп үлгерді. Ол стадион толтыратын, отандық футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің тек Ақтөбеде ғана барын тілге тиек етті.

Владимир Муханов, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері:

Мен қолдау білдіріп келе жатқан жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Бірақ ақша жинау олардың міндеті емес. Мәселені басқа адамдар шешуі керек. Ойынға келіп, қолдау білдіргендеріңізге рахмет. Өз алаңымыздағы соңғы ойында да стадионды толтырдыңыздар. Сол сәтте Испания мен Ресей ойнап жатса да, онда ешкім мойын бұрмады. Бұл нағыз қолдау!

Бұған дейін командадан шет елдік легионерлердің кетіп жатқаны туралы да ақпарат шыққан. Клуб жетекшісінің сөзінше, олардың кетуіне бас себеп қаржы тапшылығы емес, өз еріктерімен өтініш берген көрінеді. Ал жастар командасына орай проблемалар барын жаттықтырушылардың өздері де мойындап отыр. Оның ең бастысы - алаңсыз жаттығатын орынның жоқтығы. Сондықтан болашақ  жұлдыздар дайындалу үшін бос алаң іздеуге мәжбүр.

Максим Габунов, «Ақтөбе» ФК жастар командасының бапкері:

Бізде балалар футболын дамытуға материалдық-техникалық база жетіспейді. Балаларға арнап жақсы орталық салынды, бірақ «Ақтөбе» футбол клубының өз базасы жоқ. Егер өз базамыз болса, командаға жергілікті ойыншылар көптеп келер еді. Оған сенімдіміз.

Клубтың қазіргі жағдайымен облыс басшылығы жақсы таныс. Өткен демалыс күні Бердібек Сапарбаев келіп, команда мүшелерімен жолықты.Футболшылар мен жанкүйерлерге «Клуб банкрот болмайды, футболды дамытуға барынша күш саламыз» деп сендірді.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

2017-інші жылғы қарыздарды өтейміз. Бірақ барлығы заң жүзінде болуы керек. Мен футбол федерациясымен де сөйлестім, бірнеше ай ішінде қарыздан құтыламыз. Ал оның алдындағы бізді сотқа беріп жатқан  шетелдік футболшыларға  келсек, ол мәселелер да заң аясында шешіледі. Ақтөбеде футбол бар, бола да береді. Және дамиды!

Жақсыбек Кемал, тілші:

Футбол – миллиондардың ойыны. Ақтөбе клубының да он мыңдаған жанкүйері бар. Олардың барлығы өз командасының жақсы ойын көрсетіп, Еуропа лигасына шыққанын қалайды. Сондықтан футболға жауаптылардан тек құрғақ уәде емес, нақты істер күтеді.

Жақсыбек Кемал, Нүркен Жалмұхан «Біздің уақыт».