Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана халықаралық қаржы орталығының тұсауы кесілді

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2018
  • 3864

Астананың 20 жылдық мерейтойына орай "Астана" халықаралық қаржы орталығы ашылды. Президенттің қатысуымен өткен шараға Абу Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Зайд Нахаян мен өзге де мәртебелі меймандар келді. Сарапшылар "Астана" халықаралық қаржы орталығы Орта Азия мен Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың қаржылық хабына айналуы мүмкін десті. Салтанатты рәсімнен Айгүл Әдепбай.

Айгүл Әдепбай, тілші:

ЭКСПО көрмесінің алаңына тағы да президенттер, ірі халықаралық ұйым басшылары, білікті саясаттанушылар мен сарапшылар жиналды. Осылайша Астана халықаралық қаржы орталығының тұсауы кесілді. Сөйтіп, Қазақстан халықаралық қаржылық хабқа айналуға тағы бір сенімді қадам жасады.

Салтанатқа қатысқан жоғары мәртебелі меймандар арасында Абу Даби әмірлігінің мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің қарулы күштері бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Əл Нахаян мен Татарстан президенті Рустам Минниханов бар.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанды көркейту және еліміздің стратегиялық мақсатына жету жолында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экономиканы индустрияландыру, әртараптандыру белсенді жүргізілуде. Мемлекеттің үшінші жаңғыру бастамасы цифрландыру бағдарламасымен жүзеге асырылуда. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығы негізгі реформалар мен өзгерістердің маңызды буыны болып саналады. Оның қызметіне сәттілік тілеймін. Бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын.

Қазақстан исламдық нарықты да алға жылжытады. Аймақтық қана емес, исламдық қаржының халықаралық хабына айналуға барлық мүмкіндігі барын айтты Ислам даму банкі тобының президенті.

Бандар Хаджар, Ислам даму банкі тобының президенті:

1997 жылдан бастап Астананың жалпы ішкі өнімі 190 есе артты. Индустриялық өсім 36 есе, ал  шағын және орта бизнестің өндіріс 25 есеге көбейіп, жұмыссыздық 3 есе азайды. Астана аймақтардың бизнес және коммерциялы хабы ретінде дамып келеді. Ислам даму банкінің тобы Қазақстанды соңғы 20 жылда қолдап келеді. Бұл қаржы орталығы Исламдық қаржы қызметінің индустриясын да алға жылжытады.

Айта кетерлігі, қаржы орталығын құру туралы бастаманы президент 2015 жылы көтерді. Осылайша, орталық 3 жылда құрылды. Шетелдіек сарапшылар мұның өзі оңай емес екенін айтты. Қаржы орталығының басты бағыты - елге инвестиция тартып, Қазақстан құнды қағаздар нарығын дамытып, халықаралық биржалармен иық тірестіру. Осы мақсатта қаржы орталығының биржасы да салтанатты түрде іске қосылды.

Астана халықаралық қаржы орталығына шетелдіктерді тарту үшін барымызды салып жатырмыз. Посткеңестік елдерде жоқ теңдесіз мүмкіндіктер жасалды. Оның қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріліп отыр. Валюталық, визалық және еңбек режимдері де жеңілдетілді барынша. Тәуелсіз сотқа Ұлыбританя мен Уэльстан 9 сот және халықаралық арбитраж орталығына 23 арбитр тартылды. Яғни барлық шетелдік инвесторлардың құқы сақталады деген сөз.

Қайрат Келімбетов, АХҚО басқарушысы:

Шанхай қор биржасына жаңа акционерлер қосылды. Акционерлер арасында Жібек жолы қоры пайда болды. Ол капиталы 40 млрд долларға жететін «Бір белдеу - бір жол» бастамасымен айналысатын ірі ұйым. Олар Қазақстанның бірқатар инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларына 2 млрд доллардай қаржы құюға дайын екенін бүгін тағы естідік.

Қаржы орталығымен американдық NASDAQ пен Шанхай қор биржасы қоян-қолтық жұмыс істемек. Тіпті Астанадағы орталықтың екінші Шанхай қор биржасы атануға барлық мүмкіндігі барын айтады мықты деген сапаршылар.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Бүгінде қаржы орталығында 55 ірі компания тіркеліп үлгерген. 2020 жылға дейін олардың санын 500-ге жеткізу межесі бар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ