Русский Сайттың толық нұсқасы

Астаналық балалар үйінің жеткіншектері Түркияда өткен байқауда гран-при жеңіп алды

  • AstanaTV
  • 09 шілде 2018
  • 3882

Астаналық балалар үйінің жеткіншектері Түркияда өткен халықаралық байқауда гран-при жеңіп алды. Олар эстрада вокалы номинациясы бойынша қатысқан. Қазақстанның туын желбіреткен өнерпаздарды біздің тілшіміз де әуежайдан қарсы алды.

Ел абыройын асқақтатқан жас әншілерді балалар үйінің қызметкерлері құшақ жая қарсы алды. Жеңімпаздар құшағы гүлге толды. Байқауда бақ сынаудағы мақсат - көк туды желбіретіп, әнұранды ойнату болыпты.

Виктория Караванская, гран-при иегері:

Қуанышты күйде болдық. Біз өзімізге сендік. Сол гран-при алу үшін бардық. Біз енді жай ғана бармаймыз, жеңіп келу керек. 

Кіл қыздардан құралған «Нұр Астана» тобы, елорда тұрғындары болғандықтан, осы атты таңдаған. Халықаралық байқауда эстрада вокалы номинациясы бойынша екі тілде ән шырқапты.

Баян Баймұқанова, «Нұр Астана» тобының музыкалық жетекшісі:

Біз қыздармен репертуар дайындаған кездері әрқашан тілдерді де үйренеміз. Әлбетте, қыздар ағылшын тілін жетік біледі. Сондықтан бұл тілде ән жаттап, оны орындау аса қиын болмады. Сондай-ақ бұл тіл дауыстың диапазонын кеңінен ашып көрсетеді. Ал корей тілін таңдаған себебіміз - бұл елдің мәдениеті өте қызық және сөздерінің айтылуы да құлаққа ерекше естіледі.

Ресейліктердің ұйымдастыруымен биыл Түркияның Кемер қаласында өткен байқауға Қазақстаннан өзге Өзбекстан, Татарстан өнерпаздары қатысқан. Балалар үйінің тәрбиеленушілері оған 3 ай бойы дайындалыпты.

Карина Мамирова, гран-при иегері:

Біз музыкалық жетекшімізбен алғашында күнделікті 3-4 сағаттан ән айтып, дайындалдық. Кейін уақыт жақындаған кездері дайындыққа көп уақыт бөлетін болдық.  Ол үшін түрлі жаттығулар жасадық.

Үмтті ақтап, сенімді серпілткен қыздар енді Астана маңындағы Ақкөлде демалатын болады.

Сабина МӘДИҚЫЗЫ