Русский Сайттың толық нұсқасы

Үш тілде білім берудің күнгейі мен көлеңкесі

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2016
  • 9476

Алтыншы шақырылған парламенттің алғашқы сессиясында Президент Білім және ғылым министрлігіне бес күндік оқу аптасына көшу мәселесін пысықтауды тапсырды. Дамыған елдердің барлығында оқу аптасы бес күн. Кейбірінде тіпті 4 күн.  Оқу аптасын азайтса, ілім-білімнің көбірек тоқылатыны, сіңетіні ғылыми дәлелденген. Ал еліміздегі оқушылардың жүктемесі шамадан тыс екені мәлім. Ол туралы біз бірнеше материал жасағанбыз.

 Әйтсе де Президент оқу аптасын азайтуды бастауыш сыныптардан бастауға пәрмен берді.  Кейін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, 5 күндік оқу аптасына көшуге 3-4 жыл кететін шығар- деді, ақпарат құралдарына. 

Президент келесі жылдан бастап үш тілде білім беру жүйесіне көшетінімізге де тоқталды. Негізі үш тілде білім беру елімізде басталып кеткен. Эксперименттен өтіп жатқан мектептер бар. Айгүл Ермахан соның бірінен арнайы репортаж дайындады. 

Әрбір оқушы қазақ, орыс, ағылшын тілінде емін-еркін сөйлеп, әлемдегі озық білімді игеруі керек.  Бұл бір жылдың шаруасы емес, бірақ оны уақытты жоғалтпай бастау қажет. Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиевтің «не істейтіндерін» концептуалды түрде баяндаған мәлімдемесінде «2017 жылдан бастап мектептер кең жолақты интернет желісіне қосылады. Осының арқасында Қазақстанда ақпараттық технологиялар мен жаңа әдістемелер арқылы жұмыс істейтін білім беру жүйесі қалыптасады. Яғни интернет желісі барлық мектепке сапалы білімді әкелуге мүмкіндік туғызады. Осыдан кейін кейбір жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқыту басталады»,- деген. Бұл бастама  қоғамда қызу талқыға түсті.

Жангелді Сүлейменов, адвокат:

Балалардың 10 пайызы өзге тілді ешуақытта үйрене алмайды. Ол балалармен не істеу керек сонда? Тілден кемсітушілік болады ғой.  Бұл балалар тілді үйренгісі келмегендіктен емес, оларға әлемнің мықты ұстаздарын жинап келіңіз, бәрібір меңгере алмайды. Олардың түйсігі солай қалыптасқан. Сонда олар жаратылыстану пәндерін білмеуі керек пе?

Үш тілді білім берудің жаңа кезеңінде Қазақстан тарихы қазақша, дүниежүзі тарихы - орыс, ал жаратылыстану сабақтары  ағылшын тілінде өтпек. Бұған ұстаздар қаншалықты дайын?

Аягүл Миразова,  Қазақстанның еңбек ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры:

Үш тілділік бұл біраз жыл бұрын басталды. Мына эксперимент жасап жатқан соның бірі біздің мектеп. Кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Бірақ осы он екі жылдан асып бара жатыр соның басталғанына. Осы күнге дейін қиналып жатқан жәйіміз бар. Маман жоқ біріншіден. Иә, ағылшын тілінде мамандарды ЖОО дайындай бастады. Бірақ қазір білесіз ғой, мұғалімдікке барған біздің жастарымыздың көбі мұғалім боламын деген мақсат қойып барып жатқан жоқ-ау деп мен қиналамын. Көбі магистратураға барғанда басқа мамандықты таңдап кетеді. Ал, мына ағылшын тілінде бітіріп жатқандары мектепке ол сирек келетіні. Мен де сол студенттермен күн көріп жатырмын.

Фариза Әбжаппарова үш тілде білім берілетін Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы. Тақтада есепті жаңғақша шаққаны былай тұрсын, ағылшынша түсіндіріп таңқалдырды:

Сынақ: тақтада есептің шығару жолын екі тілде түсіндіреді

Фаризаға есепті бірнеше тілде түсіндіру оңайға соқпағаны байқалады.Дегенмен дүниетанымы қазақша қаланған оқушының ойын ана тілінде де мүдірмей жеткізетіні ырзалықты арттыра түседі.

Фариза Әбжаппарова,  Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы:

Алгебра пәнін ағылшынша 7 сыныптан бастап өтіп жатырмыз.1,5 жыл оқып жатырмыз.  Бұл жерде қиындықтар аса көп емес. Себебі, біз ағылшын тілін бірінші сыныптан бері тереңдетіп оқып келеміз. Бізге тек ағылшынша терминдерді жаттау ғана кішкене қиынға соққан сияқты. Бірақ қазақша ойлаған жеңілірек.

«Тез үйреніп алуға болады» дейтіні – мектепте алгебра пәнін қазақ тілінде түсіндіретін қосымша сабақ беріледі. Ең «қызығы» - математиканың ағылшын тіліндегі арнайы  бағдарламасы жоқ болғандықтан ұстаздар түрік оқулықтарына жүгінеді.

Нұрсұлтан Қасым, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназия математика пәнінің мұғалімі:

Өкінішке орай өзіміздің кітабымыз жоқ Қазақстанда шығарылған. Ал, біз түрік кітаптарымен оқимыз. Сондықтан осы мәселені болашақта көтеру жоспары бар.Өзіміздің бағдарламамызға сәйкес Қазақстанның өз бағдарламасы бар ғой, математиканы қалай үйренеміз деген. Соған сәйкес кітап шығарсақ, кішкене оңайлау болады. 

«Жаратылыстану пәндерін тек ағылшынша өту шикі шешім»,- дейді академик Асқар Жұмаділдаев. Оның пайымынша, бұл қадам қазақ тіліне қауіп төндіреді.

Асқар Жұмаділдаев, академик:

Бұл жалпы заман талабы. Бүкіл ғылымның 80 пайызы ағылшын тілінде жасалады. Бірақ менің ойымша, бұл жерде кесіп пісіп айту тек ағылшын тілінде деп айтуы дұрыс емес. Өйткені оған біріншіден ешқандай мамандар жоқ. Бізде ағылшын тілін білетін мамандар көп толып жатыр. Бірақ олар нені оқиды. Агата Кристи, Конан Дойлды оқиды. Бірақ математиканы оқымайды ешқайсысы. Математика дейтін өз алдына бір ғылым. Физика дейтін өз алдына бір бөлек ғылым. Сондықтан бұлар тек ағылшын тілін білу емес, сол тілде ойлай білуі шарт. Сол тілде ғылым жасауы шарт. Ал, ондайды жасайтын мен адамдарды көріп тұрғаным жоқ.

Екіншіден, қазақ технокарттық елге айналуы керек. Өлеңімізді, әнімізді, ойлау жүйемізді, психологиямызды, менталитетімізді технологиямен ұштастыру керек. Қазақ тілі ән салғаннан ғана өлмейтін тілге айналмайды. Тіпті ән салғаннан да...

Асқар Жұмаділдаев,  академик:

Тамыры терең болу үшін ол міндетті түрде технокарттық тілге айналу керек. Егер ол технократтық тілге айналмаса, ол ертең құрып кетеді. Ондай құрып кеткен тілдер дүниежүзінде өте көп. Сондықтан қазақтың тілі құритын тілге айналмасын десек, біз ағылшын тілімен қатар, қазақ тілінде де оқыту жүйесін қалыптастыруымыз керек. Ал, енді тағы да бір мысал бар. Мысалы Эстонияны алайық, айналдырған 1 миллион халық. Осы бір ғана миллион халық іс –қағаздарын бүкіл өз ана тілінде жүргізеді. Бүкіл оқудың бәрін өзінің тілінде жүргізеді. Олар математиканы ағылшын немесе орыс тіліне көшірмейді. Эстон тілінде ғана жүргізеді. Неге? Өйткені дүниежүзінде 1 млрд ағылшын болса, 300 млн орыс болса, 1 млн эстон бар. Демек біз жүргізбесек, оны кім жүргізеді. Осындай логика.

Жаратылыстану ғылымдары ағылшын тілінде сөйлесе, балалардың қазақша ойлауы жоғалайды -деген академиктің пікірін қазақ тілі пәнінің мұғалімі де қолдады.

Ержан Арын, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназия қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

70 жыл бойын біздің тіліміз тұншығып қалғандықтан бәрі қазір ойлайды интернеттегі, шетелдегі соңғы жаңалықтарды қазақша сөз жеткізе алмаймыз , сөз таба алмаймыз, жоқ, деп. Оны ізденсек, уақыт берсек, оған қазақ тілінің мүмкіндігі жетеді. Ал, енді мысалға егер төпелеп, ана тілінде ойлауын дамытып, жетілдіріп алмай, не орысша емес, не ағылшынша емес, не қазақша емес, үшеуінің ортасына салып қойса әрине бүлінеді. Дамыған  шетелдердегідей ана тілінде ойлауын жетілдіріп, негіздеп алып, әрі қарай шет тілін үйретіп, жасаса ол шешіледі деп ойлаймын.

Білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдауға себеп болған  қазақ, әсіресе ауыл мектептеріндегі тілдік сауатсыздық көрінеді. Олар шет тілін білмеген соң  әлемге мәшһүр оқу орындарына түсе алмайды.

Аягүл Миразова,  Қазақстанның еңбек ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры:

Ауылда мұғалімнің білімі жоқ деген. Яғни, біз кім көрінгенді сол мұғалімдікке қойып, содан ымыраға келіп отырмыз деген сөз. Ауылдың баласы қайта қаланың баласына қарағанда бергеніңді алатын балалар. Олар білімге деген құштарлығы үлкен балалар. Олар біздің мемлекеттік тілімізді  жете білген балалар.

Екіншіден, орыс мектептеріндегі балалардың өздері ана тілін еркін меңгеріп отырған жоқ. Түптеп келгенде білім алу жүйесінде тепе-теңдік сақталмаған. Әйтсе де -мұндай қайшылықтарды да басқа да жолмен шешуге болады,-  дейді ұстаздар. 

Аягүл Миразова,  қазақстанның еңбек ері, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры:

Біздің ата-аналарымыздың да қатты бет бұрып жатқандығы шамалы. Үйде өз тілімізге қарым-қатынас жоқ көбінде. Көбі орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Біздің мектепте жанымыз қиналып, үйретіп жатқан қазақ тіліміз әдеби тілде терең дарымай жатқаны үйдегі , жанұядағы қарым-қатынастың ол басқа тілде болып жатқандығы.

Тағы бір мәселе  -  қолданыстағы жаратылыстану пәндері кітаптарының мазмұнын ұғынықты ету. Ұстаздардың бұл сөзін бір тақырыпты 10 рет қайталап оқығанда түсінетін  оқушылар да растады.

Марлен Маликов, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы:

Осы біз биология, химия, физика сабақтарынан жаңа терминдерді үйренгенде түсінбей қалып, бірнеше рет қайталап үйрену керек болады. +09.44.58 адамдардың кейбір органдарының атауларын түсінбейміз. +09.44.41 өзім осы кітаптарды оқығанда  3-4 оқығаннан кейін ғана түсінемін.

Асқар Жұмаділдаев академик:

Ол рас өйткені түсінбейді өйткені  қазақша ойлау жүйесі қалыптаспаған.Қазақша түсіну үшін орысша аударып түсінуіміз керек. Ал, анау түсінбейді екен деп отыра берсек, ол ешуақытта түсінбейді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Демек, бұл деген сөз қазақ тілінің қанша бай болса да, әлі ғылымға икемі аздау. Оны икемге келтіру керек. 00.14.45 Совет одағы кезінде бірталай кітаптар шықты. Ойлау жүйесі  бірталай икемге келіп қалды. Мысалы түбір дейді , көбейткіш, алынды-қосынды оның бәрі келіп қалды ғой. Ол үшін Үкіметтің ниеті дұрыс болса болды. Үкімет айтады бір жағынан қазақ тілін дамытамыз дейді, екінші жағынан оған кедергі жасап отыр. Бұл дұрыс емес.

Ақпараттық технологиялар заманында жүйкелері сыр бере бастаған балаларына алаңдаған ата-аналарға жеткіншектер психологы мынадай кеңес айтты:

Меруерт Бектемірова,  психолог:

Жалпы алғанда қазақтың генетикасы бойынша біз барлық тілдерде барлық жағдайларға тез бейімделе алатын стресстік жағайларға төтеп бере алатын халықпыз. Генетика жағынан өте мықтымыз. Сондықтан бізде тіл мәселесі күрделі мәселе болып табылмайды. Біздің мемлекетте ең біріншіден кадрларды даярлау мәселесі қолға алынуы тиіс. Жан-жақты тұлға тәрбиелеу үшін  өзіңіз білімді болуыңыз тиіс. Сондықтан  ең бірінші  балабақашадан даярласақ, білім беру бағдарламасы жолға қойылған болса онда балаңыз мектепке барған кезде 3 тілді жетік меңгере алатын жан - жақты дамыған коммуникативті индивид болып  қалыптаса бастайды.

Дегенмен заман талабына бүгінгінің балалары көндіккендей.

Рүстем Кенжебеков, Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның  11 сынып оқушысы:

Ешқандай да адам екінші адамнан кем емес. Адамдардың да барлығы да бірдей. Евклидтің сөзі айтады ғой егер екі кесінді үшінші кесіндіге тең болса, онда оның үшеуі қандай болса да тең болып келеді. Яғни, ол Евклидтің аксиомасы. Адамның бәрі бірдей.

Бұл мектепте балалардың үш тілде емін-еркін сөйлей алатынын көрдік, көз жеткіздік. Алдағы уақытта осы іспеттес мектептердің қатары көбейеді. Бірақ сарапшылар пікірі «10-сыныпқа  дейін алғашқы білім  өз ана тілінде берілуі керек»- дегенге саяды. Рас,  заман талабымен бірнеше тілді үйренеміз деп жүріп, негізгі ілімнен көзі жазып қалмасақ игі.

Айгүл Ермахан «Біздің уақыт».