Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада жаңадан орнатылған жерасты қоқыс контейнерлері құрылыс материалдарына толған

  • AstanaTV
  • 10 шілде 2018
  • 2907

Астанада жаңадан орнатылған жерасты қоқыс конейнерлері құрылыс материалдарына толған. Ал жәшіктерді орнатушы «Clean City NC» серіктестігі өкілдері олар тек тұрмыстық қоқыстарды шығаратынын айтып, өзге қалдықтарды тастамауды өтініп отыр.

Дастан Хамитов, қоқыс контейнерін орнатушы компания басшысының орынбасары:

Құрылыс қалдықтарын салмауын өтінеміз. Себебі іші бәрі қап тәрізді, кейін жыртылып жарамсыз болып қалады. 5 кубтық контейнер, біреуінің бағасы 1 млн 200 мыңдай болады. Қасын көгалдандыру, ыңғайлы етіп орнатудың барлығымен сондай баға шығады.

Сайлау Байділдин, Астана қаласының тұрғыны:

Ыңғайлысы ыңғайлы, бірақ мына үлкен заттар сыймай жатыр. Басқа жағынан тазалық жағынан өте жақсы. Ішінде тұрады, қақпағы жабық исі де шықпайды. Кейін көтеріп алады да, қап тәрізді ғой, машинаға салып алып, кете береді. 

Айта кетсек, жаңа жерасты контейнерлерінің қазір Астанада 70-ке жуығы орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 21 жәшік қойлымақ.  Қоқыс контейнері орын аз алады, 60 пайызы жер асында орналасқандықтан санитарлық тазалықты да сақтауға септеседі. Мамандар пікірінше, жер астындағы бір контейнер көлемі  әдеттегі жер үстінде тұратын 5 контейнермен тең.  Қазір екі манипулятор-көлік қоқыс жәшіктерін тәулік сайын төгумен айналысады. Ал, қалалық әкімдік өкілдері алдағы уақытта өзге қалдықтарды да сұрыптайтын мүмкіндік болатынын айтты.

Айнұр Сұлтанқұлова, Астана қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы:

Осы айдың 25-нен бастап, қақпағы сары жеке контейнерлер орнатылады. Олар дәл осы басқа қалдықтарға, яғни темір, пластик сынды қалдықтарға арналады. Тұрғындар арасында да түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қыркүйек айына дейін барлық осындай қоқыс қалдығы бар аулалар арнайы контейнермен жабдықталады.