Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай кәсіпорыны уақытша шектеудің салдарынан шығынға ұшырап отыр

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2018
  • 3168

Сүт шығаратын қазақстандық 3 зауыт алаяқтық жасаған. Ресей қадағалау органы осылай деп отыр. Бұған дейін зауыт өнімдерінің Ресейге шығарылуына шектеу қойылғаны хабарланған еді. Бірақ кәсіпорын өкілдері шектеу алынғаны жөнінде хабар алған. Ресей тарапы қазақстандық зауыттарды не үшін айыптап отыр? Шектеу қашан алынады? Тараптарды тындап көрген әріптесім Заңғар Санай тақырыпты толықтырсын. 

Мынау Қостанайдағы сүт өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. 800-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Алайда маусым айында қазақстандық сүт өнімдеріне Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық федералдық қызметі уақытша шектеу қойған соң 30-ға тарта адамды уақытша демалысқа жеберген.

Заңғар Санай, тілші:

Кәсіпорын айына 2500-ге жуық сүт өнімдерін шығарады. Соның 40 пайызын Ресей нарығына жөнелтеді. Алайда уақытша шектеу қойылғалы Қостанай сүт зауытының өнімділігі 30 процентке төмендеп кеткен.

Кәсіпорын директоры не үшін шектеу шарасы қолданылғанын әлі анықтай алмай отырмын деді. Ал Ресейдің қадағалау органы болса, сүт зауыты алаяқтық әрекет жасады деген айып тағып отыр.

Любовь Дружинина, «ДЕП» ЖШС директоры:

Россельхознадзор бізден сүт өнімдері туралы, тәулігіне қабылдайтын сүттің көлемі жайында, кептірілген сүт жөнінде ақпарат сұратып алдырды. Біз түгел жібердік. Беларусь елінен келетін импортты сұрастырды. Бірақ біз Беларусьпен ешқашан жұмыс істеген жоқпыз.

ДЕП-тің директоры біздегі ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан күні кеше хабарлама алғанын айтады. Онда уақытша шектеу күшін жойды деп жазылған. Алайда көрші елдің ветеринарлық және фитосанитарлық қызметі оны жоққа шығарып отыр. Ресейлік ресми өкілдің айтуынша, қазақстандық 3 сүт зауыты Беларусь және Еуроодақ аумағындағы елдерден тасымалдауға тыйым салынған өнімдерді нарыққа өткізу арқылы алаяқтық әрекет жасаған. Ал уақытша шектеудің қашан алынатыны белгісіз екенін айтты.

Юлия Мелано, РФ ветеринарлық және фитосанитарлық жөніндегі федералдық қызметтің ресми өкілі:

Белоруссиядан және Еуроодақ аумағындағы елдерден өнім тасымалдауға қатысты Ресейде шектеу шаралары жүзеге асады. Әртүрлі себептерге байланысты өнімді Ресей нарығына өткізу мүмкін емес. Алайда алаяқтық әрекет жасағандар анықталып отыр. Солардың қатарында Қазақстанның кәсіпорындары да бар. Сондықтан біз өнім тасымалын тоқтатуға шешім қабылдадық. Қазіргі таңда уақытша шектеу алынған жоқ.

Қостанай зауыты тәулігіне 18 тонна сүт өнімдерін Ресей нарығына шығарып келген. Уақытша шектеудің салдарынан күн сайын түсетін 5 миилион теңге табыстан қағылып отырғанын айтты.

Заңғар САНАЙ