Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл мұнай бағасы 60 долларға дейін өсуі мүмкін, ал жақын болашақта 80 долларға жетеді

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2016
  • 1995

Биыл мұнай бағасы 60 долларға дейін өсуі мүмкін, ал болашақта 80 долларға жетеді. "Қазэнерджи" қауымдастығының бас директоры Болат Ақшолақов Астана экономикалық форумы аясында осындай болжаммен бөлісті.

«Әлемдік энергетика және табиғи ресурстар саласындағы тұрақсыз жағдай» секциясына қатысқан мамандар пікірі әр түрлі. Қазақстан тарапы дәстүрлі энергерусурстардың "бәсі" ондаған жылдар төмендемейді, деп сенеді. Ал мұнай бағасына қатысты біздің болжам өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда "позитивті" болып шықты.

Болат Ақшолақов, "Kazenergy" қауымдастығының бас директоры:

Биыл мұнай бағасы 60 долларға дейін өседі деп ойлаймыз. Жаздың басына дейін 50 долларға жетіп қалғанын көріп отырмыз. Алдағы екі жылда баға аса құбыла қоймайды. Шамамен баррелі 80 долларға дейін жетеді деп ойлаймыз.

Ал Қытай ұлттық энергетикалық әкімшілігінің вице-министрі Джан Юкин алып көрші 2020 жылы қажетті қуаттың 15 пайызын баламалы энергетикадан алады деп мәлімдеді. АҚШ 2050 жылы энергияның 51 пайызын қатпарлы газдан өндіруді көздеп отыр. Қалысқысы жоқ Қытай үкіметі қатпарлы газдың көзін табу үшін барлау, зерттеу жұмыстарына қыруар қаржы бөліп жатқан көрінеді. Экологиясы мүшкіл Қытайға көмірден емес, газдан қуат өндірген әлдеқайда тиімді. Әлемдегі "екінші экономиканың" энергетика вице-министріне Александр Машкевич қарсы уәж айтты. Олигарх әлеуметтік жауапкершілікті алға тартады. Баламалы энергия көздеріне көшу барлық жағынан бірдей тиімді емес, дейді. 

Александр Машкевич, "ERG S A.R.L" менеджерлер кеңесінің төрағасы:

Мен ондаған млн адамды жұмыссыз қалдыру оңай деп ойламаймын. Баламалы энергия көздеріне көшу - бәлендей табысты сала емес. Бірақ адамзат жер бетіндегі жақсылық, тазалық үшін, оған бет бұрып жатыр. Алайда барлық елдердің бұған мүмкіндігі жоқ.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ