Русский Сайттың толық нұсқасы

Франция футболдан екінші мәрте әлем чемпионы атанды

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2018
  • 4390

Төртжылдықтың доп додасындағы Францияның чемпион атануы елде тәртіпсіздік тудырды. Жеңісті тойлауға шыққан жұрт шектен шығып, полицейлер оларды таратуға мәжбүр болды. Араға 20 жыл салып чемпион атанған Франция құрамасының ақтық финалдағы ойынын Дәуренбек Бақдәулет айтып береді. Төрт жылда бір табысталатын доданың басты триумфына үміткер соңғы қос команда арасындағы матч тартысқа толы болды деуге негіз бар. Небары 90 минутта 6 гол соғылды. Оның 4-і француздар еншісінде, ал 2 гол хорваттар қарымтасы.

Франция президенті Эммануэль Макрон мен Хорватия президенті Колинда Грабар-Китарович сен француз сен хорватсың деген жоқ, реті келсе протоколдан тыс әр ойыншыны жалғызындай құшақтап, бетінен сүйіп, құттықтап жатты.

Путин қасына жайғасқан басты жанкүйерлер бір сәт президент екендерін ұмытқандай, әр ел гол соққан сайын эмоцияларын жасыра алмады. Финалдық кездесуде күн түнеріп тұрған еді. Матч аяқталғанын күткендей марапаттау кезінде жаңбыр "шелектеп" жауды. Алайда, Ресей мен Франция басшылары және ең үздік жанкүйер атанған Хорватия президентіне барлық ойыншылардың қолын алып, медаль табыстауға ауа райы кедергі келтірген жоқ. Мұнан соң, ФИФА президенті төрт жылдықтың басты кубогын Франция командасына тарту етті.

Француздар чемпион атанғаннан ірі қала көшелерінде жеңісті тойлау басталып кетті. Елдің символы Эйфель мұнарасында Францияның қай жылдары чемпион болғаны көрсетіліп, мұнара елдің туы түстес болып өзгерді. Макрон болса, қуанышын жасыра алмай, жерлестеріне үсті-үстіне құттықтау жолдады.

Ал, француз жанкүйерлері елдің ірі Лион, Марсель, Париж сынды қалаларында алаңға шығып, кейбірі тіпті тәртіпсіздікке жол берді. Кейбір жанкүйерлер дүкен терезелерін сындырып, қоқыс жәшіктерді өртеген. Полицейлер бұзақылыққа жол бергендерге көз жасаурататын газ шашып, шектен шыққандарды қамауға алған.

Франция соңғы рет 1998 жылы финалда Бразилияны 3:0 есебімен жеңген. Ол кезде Зидан қос бірдей голдың авторы атанған еді. Ендігі чемпионат 4 жылдан кейін, 2022 жылы Катарда өтеді. Ал Катар құрамасының бас бапкері Зинедин Зидан екенін айта кеткен жөн. Ал екінші орынға ие болған Хорватия құрамасы тарихта тұңғыш рет екінші орынды иемденді. Ал үшінші орын Бельгияға бұйырған болатын.