Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда бір күнде 5 мың шабақ құтқарылды

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2018
  • 3135

Атырауда бір күнде шағын көлден 5 мың шабақ құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді. Бұл орайда табиғат қорғаушыларға еріктілер көмекке келді. Әйтпесе, тайыз айында көлдерде шабақтардың қырылып қалу қаупі жоғары. Тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы табиғат қорғаушылармен шабақтарды құтқару шарасына қатысты.

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Мына көлдің тереңдігі әрі кетсе 1-1,5 метрден аспайды. Көктемде уылдырық шашқан сазан, мөңке, көксерке секілді балықтардың шабақтары ыстық күні оттегі жетпей қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан мамандар мынадай торлы ауларды пайдаланып, оларды құтқару жұмыстарын жүргізеді.

Атырауда аптап ыстық апталап сақталды. Табиғатқорғаушылар сырттан еріктілерді тартып, жұмысты жедел ұйымдастырғанды жөн санаған. Су маржандарын қорғап, демалысты пайдалы іспен ұштастыратындар көп. Солардың бірі  Ербол Өтемісов 10 сынып оқитын қызымен келіпті.

Ербол Өтемісов, Атырау қаласының тұрғыны:

Көлдер тартылып қалып, майшабақтар ертеңгі күні қырылып қалмас үшін, жәрдем етіп жатқан жайымыз бар. Аймағымыз балықты аймақ болса да, өкінішке орай, балығымыз азайып бара жатыр, экологиядан мүмкін. Көмегімізді көрсетіп жатырмыз келешек ұрпағымыз да осы балықтың дәмін көрсін дегендей. 

Бұған дейін Махамбет ауданы мамандары 6 көлді сүзіп шыққан. 13 мың шабақ пен 5 мың балықты Жайық өзеніне жіберіп үлгеріпті. Аудан аумағында 21 көл бар. Соның 17-сі көктемде суға толған. Яғни мамандар әлі 10 көлдің көлдің шабағын құтқаруы керек.

Нұрболат Қаратекеев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қорғау аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:

Күшіміз жетеді барымызша, бірақ кісінің көп болғаны да жақсы өзімізге көмектесуге. Өндірістік кооперативтер көмектесіп жатыр, бірлесіп. Қазірге дейін қырылып қалған жағдай жоқ. Бірақ қырылу қаупі болған соң алдын алып жатырмыз.

Шабақтар мұзды су толы бөшкелерге жиналды. Сосын көлікке тиеліп, Жайық өзеніне жіберілді. Олар енді өзенде кең тыныстап, өсіп, уылдырық шашатын болды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ