Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Қоғамдық кеңес Ішкі істер министрі мен қалалық ІІД басшысын ауыстыруды ұсынды

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2018
  • 3382

Отставкаға кету керек. Денис Тен өлімінен кейін Алматыдағы Қоғамдық Кеңес мүшелері бүгін осылай деп үн қатты. Олар президентке Ішкі істер министрі мен қалалық ішкі істер департаменті басшысын ауыстыруды ұсынбақ.  Қоғамдық кеңесте тағы қандай мәселелер көтерілді? Әріптесім Олжас Нұржақып толығырақ айтып берсін.

Белгілі фигурист Денис Теннің қазасынан кейін қала халқы қауіпсіздікке қатты алаңдай бастады. Ұсақ бұзақылық саналып келген ұрлықтың салдары, бір-ақ күнде үлкен дауға айналды. Әсіресе қараша да, қоғамдық кеңес мүшелері де бұл көлеңкелі кәсіпке тікелей полиция қызметкерлерінің қатысы барын айтады.

Борис Жапаров, «Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Ұрлықтың етегін кең  жайғаны соқырдың өзіне аян. Ұзақ жылдар ішінде тіпті тамырын тереңге жайған көлеңкелі кәсіп криминалды жүйеге айналған. Ал оны біздің құзырлы орган жақсы біледі. Кімнің ұрлайтынын, қайда сататынын, тіпті кімнің бақылауында ұстайтыны да таныс. Олардың арасында өздері де бар. Былықтың басында жүрген олар халықты қалай қорғайды? Қазір тұрғындар тәртіп сақшыларына барудан қорқады. Погон тағып жүргеннен кейін ұялу керек қой.

Сондықтан басшылық ауыспай мұндай кемшілік жойылмайды деген пайыммен президентке ұсыныс жазуға бекінді.

Рахман Алшанов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Біз халықтың сөзі емеспіз бе? Ал халық тәртіп сақшыларның жұмысын сынға алып отыр. Басшылықты ауыстыру керек дейді. Шындығында, неге ауыстырмасқа. Басшылық өзгермей, бүгінгі жүйеде өзгеріс болмайды. Сондықтан осы мәселе төңірегінде бірауыздан ұсыныс білдіреміз. Қауіпсіздікке басты көңіл бөлу қажет.

Ал отырысқа орынбасарын жіберген ішкі істер департаменті басшылықты ауыстыру ұсынысына қарсы пікір білдірмеді. Тек салмақсыз сөзбен статистика келтіріп, жақсы сылтау айтып ақталды.

Ғазиз Нұрқаев, Алматы қаласы ІІД басшысының тергеу ісі  бойынша орынбасары:

Өткен жылмен салыстырғанда ұрлық бойынша жүргізілген жұмыстар көрсеткіші көтеріліп келеді. Бірақ бізге қаладағы қандай да бір нысанды тексеру үшін рұқсат қажет. Әрі дәлел болуы шарт. Яғни күдікті ұрлаған затын мына сауда орнына өткізеді, одан әрі сатылады дейтін. Егер ондай нақты айғақ болмаса, біз қандай да болсын нысанды тексере алмаймыз.

Ал қандай да бір айғақты Кеңес мүшелері айналдырған бір жарым күнде анықтап шыққан. Айдос Сарымның айтуынша, мегополистегі бөлшек заттар сататын базарларда кез-келген көлікке қажетіңді табуға болады. Бірақ ол заттарға құжат жоқ. Ұрланған ба, шетелден жеткізілген бе, біле алмайсың, дейді ол.

Айдос Сарым, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Базарларда, ең біріншіден, санитарлық тазалық жоқ. Екіншіден, кассалық аппарат. Бір ғана контейнердің ішінде 30-ға жуық көлік қозғалтқышы тұрғаннан кейін  қандай кәсіп екендігін, ойлай беріңіз. Бұл шынымен ұсақ іс емес. Ірі айналымы бар кәсіп. Бірақ еш жабдықтың өзіне тән құжаты жоқ. Заңдастырылмағандықтан, көлеңкелі іс саналады. Сондықтан оны дұрыстап қолға алмай, салық салынбай, ресми кәсіп ретінде заңдастырмай, еш өзгеріс көре алмаймыз.

Осындай олқылықтарды жіпке тізген кеңес мүшелері травматикалық қару ұстауға қайта рұқсат беру керек деген ұсыныс та айтты. Бұл өз-өзін қорғауға көмек болар еді десті. Мына адамдардың басын қосқан да Денистің қазасы болатын. Оны ақтық сапарға шығарып салғандардың қарасы қалың болды. Алматының өзінде 10 мыңға жуық адам қимастықпен қоштасты.

Нұрлан Абдуллин, әнші:

Осы Балуан Шолақта ең бірінші рет Денис Теннің «Денис және оның достары» деген үлкен шоуды өткізіп едік. Бір емес, екі-үш рет. Астанаға бардық. Сонда сол кішкентай 20 жасар бала бүкіл дүниежүзінің бетке ұстар азаматтарын, жұлдыздарын осы Балуан Шолаққа алып келген кезде, мақтанып, көкірегімізге сыймай, қандай үлкен абырой біздің елімізге деп едік. Енді, масқара ғой мынау.

Осылайша жұрттың өзегін өртеп кеткен Денистің өлімі бар былықты қолға алуға түрткі болды

Олжас НҰРЖАҚЫП