Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраудағы Доссор кентіндегі алты отбасы бір мезетте баспанасыз қалды

  • AstanaTV
  • 24 шілде 2018
  • 4077

Атырау облысында 6 бірдей отбасы бір мезетте баспанасыз қалды. Қатар тұрған ескі ағаш үйлер бірінен соң бірі отқа оранған. Өрттің неден шыққаны әзір белгісіз. Тұрғындар тілсіз жау электр сымының тұйықталуынан шығуы мүмкін деп болжайды. Өйткені бұл баспаналардың пайдалануға берілгеніне 100 жыл болған, яғни 1918 жылы тұрғызылыпты. Қызыл жалыннан екі отбасы құжаттарын алып үлгермеген. Қайда барарын білмеген 30 шақты тұрғын күлге айналған үйлерінің қасында төсеніш жайып, түн өткізген. Олар "жергілікті әкімдік жыл сайын жаңа үйге көшіреміз" деп уәде етуден жалыққан емес дейді.

Венера Жиенбаева, Доссор кентінің тұрғыны:

Кешеден бері осы жерде жатырмыз одеялоны жайып үш баламызбен. Бір кемпірді бір үйге апарып тастады. Бәлен жыл жұмыс жасаған, 80-нен асқан кемпірді. Біз осы жерде төсеніш жатыр. Осы жерде жатырмыз, ана үйге кіріп су ішеміз, мына үйге кіріп су ішеміз.

Мұрат Байтілеуов, Доссор кентінің тұрғыны:

Жылда документ жинатады. «Сносқа кетеді, жаңадан үй салынады, сол үйден үй береміз, документ жинаңдар» деп, жылда документ жинаймыз. Бірақ былтыр салынған үйден бізге ештеңе тиген жоқ. Алты үйдің бала-шағасы бар бәріміз далада қалып отырмыз, үйінді мынау. Әкімшілік ештеңе шешіп жатқан жоқ, уақытша интернатқа тұрыңдар деп жатыр. Ағайынды жағалаңдар дейді. Осы күні ағайын жағалап кімнің үйіне сиясың бала-шағамен.

Төтенше жағдай жексенбі күні кешкісін болған. Жергілікті билік жағдайға қанық. Олар осы оқиғаға орай комиссия құрылатынын, соның шешіміне сай мәселені қараймыз деп отыр. Әзірге далада қалғандарға мектеп-иинтернаттың жатақханасын уақытша пайдалануға бермекші.

Гүлнәр Ерғожиева, Доссор кенті әкімінің орынбасары:

Біздің тарапымыздан Сабыр Шәріпов мектеп-жатақханасына көшіру мәселесі шешілуде. Баспана мәселе комиссияда қаралады алдағы уақытта. Отбасы жағдайын, тұрмыс жағдайын бәрін анықтап жатырмыз. Ескі үйлер ғой, 1918 жылғы үйлер. Өрт неден шыққаны белгісіз. Түгелдей кетті, дүние мүлкімен.