Астанада әуежай мен вокзал маңында автұрақтарға жаңа тариф енгізілді. Енді бұл жерде 15 минуттан артық көлік қойсаңыз, тұрақ ақылы болады. Жаңашылдық көлік кептелісін тудырып, жүргізушілердің мазасын қашырды. Жаңа тариф құнын Диана Сапарқызы біліп келді.
Бұрын әуежай тұрағында көлікті жарты сағатқа дейін қою тегін болатын. Енді ол 15 минутқа қысқарды. Одан асса, жүргізушілер 100 теңге төлеуге міндеттеледі. Оның уақыты 10 сағаттан 24 сағатқа асса, 1000 теңге төленеді. Ал келесі тәулігіне - 500 теңгеден есептеледі.
Диана Сапарқызы, тілші:
Мына арнайы жол желісі, көріп тұрғандай, 4 жолақтан тұрады. Ортасындағы 2 жолақ автокөлік қозғалысына арналса, ал жолдың шетіндегі екеуі жолаушыларды отырғызу мен түсіруге қойылған. Бұл жерде 15 минутқа дейін тегін тұрақтануға болады. Ал одан көбірек кідірсеңіз, сағатына 1000 төлеуге тура келеді.
Бірақ жаңашылдық жүргізушілерді әбігерге салып жатыр. Үш күн бұрын енгізілген жүйеге үйренісі алмай жатқандар бар. Сондықтан тұлпар иелері кептеліске түсіп жатыр. Тіпті паркомат маңында заманауи техниканы түсінбей жатқандар да баршылық. Жүргізушілер алдын ала ақпарат таратылмады деп, жаңа жүйені түсінбей дал.
Жарты сағат тегін еді ғой. Қымбат емес. Просто алдын ала айтып, ескерту керек қой. Енді бәрі мына жерде пробка создавать етіп жатыр.
Минуты не было, уже 100 теңге оплатил. Минуты еще не было, разве можно такое? Только секунду довезли человека.
Конечно, ыңғайсыз. Бір адамды алып келдік, мына жерге тастадық. Шыққанымызша, уже 100 теңге сұрап тұр. Қазақстан, Астана не болады сонда?
Жоқ нормально, тиімді. 100 теңге. 100 теңге деген не ол?! Бұрынғысына қарағанда тиімді.
Тарифті жасаушылар оның тиімді боларына күмән келтірмейді.
Николай Антипов, "Астана LRT" ЖШС департамент директоры:
Бұл жаңашылдық елорда тұрғындары мен қонақтары үшін әуежайдың, вокзал маңы алаңының жайлылығын арттыру, сондай-ақ қарсы алушылар, шығарып салушы және жолаушылардың уақытын үнемдеу мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ, көлік жүктемесін тиімді басқаруға, заңсыз тасымалдаушылармен нәтижелі күресуге мүмкіндік береді.
Тарифтерді қалыптастыру кезінде халықаралық тәжірибе ескерілген. Дегенмен Еуропа елдерінде әуежай есігінің алдында жолаушының мініп-түсуіне шектеулі ғана уақыт беріледі. Ал ТМД елдерінде белгілі уақыт бар. Киев әуежайында - 10 минут, Мәскеу әуежайларында - 15 минутқа дейін кідіруге болатын көрінеді.