Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекеттік қызметкерлердің жаппай шетел көлігін сатып алу көрсеткіші екі есе төмендеген - О.Алферов

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2018
  • 4398

Мемлекеттік қызметкерлерге импорттық көлік алуға мүлде тиым салынуы мүмкін. "Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының" басқарма төрағасы Олег Алферов осылай деді. Қазірдің өзінде шенеуніктер әупірімдеп отандық көлікке міне бастаған. Жарты жылда елде 15 мың көлік шығарылған. Бұл былтырғыдан 63 пайызға жоғары. Ал мемлекеттік қызметкерлер импорттық көлікті сатып алуды азайтты ма? Тілшілеріміз студиямен байланыста. Дәуренбек...

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Ия, Ләйла, отандық көлікке мінуді әу баста президент тапсырған еді. Бірақ шетелдік тұлпарды тақымдап үйренгендердің отандыққа жамбасы жатпай келді. Дегенмен болашақта ешбір шенеунік импорттық көлікке отырмайды. Оған жету жоспары жасалған. Былтырғы жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік органдардың импорттық көлікті сатып алуы 12 пайызға азайған. Ал биыл ол 5 пайызға дейін төмендепті.

Олег Алферов, «Қазавтоөндіріс» Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының» басқарма төрағасы:

Біздің одақ бұл көрсеткішті 0 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Бұл автомобиль саласын дамытуды қолға алған барша дамушы елдерде қалыптасқан үрдіс. Мемлекеттік сатып алу бойынша көлік импорттауға толық тиым салса, біз діттегенімізге жетер едік. Қазірдің өзінде Астанада аса байқалмағанымен, ауылдық жер мен өзге аймақтар әкімдігі алдындағы автопарктерде нәтиже бар екені көрініп тұр.

Десе де әкесінің құнын сұрайтын көліктерді әлі келгендер қос-қостап алып жатыр. Мысалы, биылғы жарты жылдықта «ҚазАвтоЖол» серіктестігі қос бірдей жол талғамайтын Toyota Land Cruiser 200 көлігін сатып алыпты. Әр қайсысының бағасы 27 млн теңге көлемінде. Бұл жағдайды мекеме өкілдері былайша түсіндірді.

Мерей Ермұханов, «ҚазАвтоЖол» ЖШС баспасөз хатшысы:

Toyota Land Cruiser  маркасындағы екі көлік екі облыстық филиал үшін алынды Алматы мен Қарағанды облысы. Ол таулы, тастақты немесе балшықты, қарлы жерлерде жүруге ыңғайлы екенін атап өткен жөн. Ал, отандық жинақтағы маркалар осындай сипаттама көрсете алмайды. Балшықты, тастақ жерлерде маневр, өнімділік жағынан, буксировкада нәтиже көрсете алмай отыр.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Олег Алферов отандық көлік үлесінің артқанын аймақтағы әкімшілік тұрақтарынан байқауға болады деп еді. Абзал, аймақтағы шенеуніктердің импорттық көліктен түскендері байқала ма?

Абзал Құрманкин, тілші:

Иә, Дәуренбек.. Мәселен Қызылжар өңірінің шенеуніктері биыл үш жаңа көлік иемденген. Олардың барлығы отандық зауыттарда құрастырылыпты. Жалпы облыстық әкімдіктің меншігінде 19 көлік бар.

Оның 80 пайызы Қазақстанда жасалған. Аймақ атқамінерлері Шкода, Киа және Рено сынды маркаларға басымдық береді екен. Дегенмен Мерседес пен Тайота көліктері де бар. Қатарынан бірнеше жыл пайдаланылған бұл шетелдік темір тұлпарлар жылдан жылға ескіріп жатыр. Сондықтан жергілікті билік отандық автоөндіріске бетбұрыс жасаған көрінеді.

Бауыржан Мұхаметғалиев, СҚО әкімдігі шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Отандық автокөлік өндірісін қолдау үшін біз тек қазақстандық көліктерді алып жатырмыз. Мәселен, биыл Шкода Рэпид, Шкода Суперб және Рено Дастер көліктері сатып алынды. Барлығы Өскеменде жасалған. Осылайша, көлік паркін жыл сайын жаңартып келеміз.

Теріскейдің әкімдігі көліктерін бірте-бірте жаңартса, керекулік шенеуніктер 4 жыл бойы жаңа көлік мінбей келген. Аймақ атқамінерлері жаңа темір тұлпарларды былтыр ғана иемденіпті

Азамат Бәйтенов, Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Павлодар облысының автокөлік шаруашылығы 4 жылдай өзінің автокөліктерін жаңартпаған еді. Өткен 2017 жылы автошаруашылық 12 жаңа машина сатып алды. Киа Сирато, Киа Оптима маркілі автомашиналары. Олардың барлығы коммерциялық түрде қызмет жасайды. Машина сатып алынған сома 90 млн теңге.

Ал Жамбыл облысы әкімдігі биыл бірде бір автокөлік сатып алмағандарын айтты. Барлығы бұрынғы, тек былтыр ғана облыс әкімі орынбасары үшін 13 млн теңгеге отандық көлік алған. Мұнда облыс әкімі мен оның орынбасарлары және аппарат басшысына 9 көлік қызмет етеді. Ал Тараз қаласы әкімдігі иелігінде 19 көлік бар. Көпшілігі 4 жыл бұрын алынған отандық темір тұлпарлар, - деді әкімдік өкілі. 

Гүлбахрам Дүйсекова, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі:

Қала әкімі 2014 жыл шығарылған «Киа Каденза» автокөлігімен жүреді. Двигательдің көлемі 3,5.  Автокөлік құны 8,4 млн теңге. Қала әкімінің орынбасаралары «Киа Сорента» автокөліктерімен жүреді. Двигатель көлемдері 2,4. Әкімдіктің 15 құрылымдық бөлімдерінің басшылары «Шевролет Круз» автокөліктерімен жүреді. Олар шамамен 5-6 млн теңге.

Абзал Құрманкин, тілші:

Орайы келіп тұрғанда айта кетейін, қазір тек атқамінерлер ғана емес, тұрғындар да отандық көліктерді таңдай бастаған. Мәселен, жыл басынан бастап Қызылжардың мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 600-ден астам темір тұлпар тіркелген. Оның тең жартысы қазақстандық. Ләйлә.

Рахмет, Абзал. Айта өтейін, студиямен тікелей байланысқа шыққан әріптестерім Дәуренбек Бақдәулет пен Абзал Құрманкин болатын.