Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда Храпунов пен оның сыбайластарына қатысты сот басталды

  • AstanaTV
  • 26 шілде 2018
  • 3469

Алматыда Виктор Храпуновтың сыбайластары деп танылған айыпталушы жазадан босатылуы мүмкін. Бүгін алдын ала сот тыңдалымы болды.  Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясында "егер қылмыс жасаған сәттен бастап 5 пен 15 жыл аралығында мерзім өтсе, іс тоқтатылуға жатады" деп көрсетілген. 9 айыпталушының адвокаты осыны негізге алып, судьяға бірауыздан талап-арыз жолдады. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Барлығы 12 адамға Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құру, сыбайластық, өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иелену және парақорлық баптары негізінде жауапқа тартылып отыр. 

Алматының экс-әкімі  Виктор Храпунов, оның зайыбы Ләйла Храпунова мен күдікті Аияр Ілиясовтар шетелде бой тасалап жүр. Сондықтан бұл үшеуі сырттай сотталады. Қалған 9 айыпталушы бүгінгі сот тыңдауына өз қорғаушыларымен бірге келіп қатысты.

Алмас Байбарақов, мемлекеттік айыптаушы:

Сотталушылардың негізгі бөлігі Қылмыстық кодекстің 235 бабы 3 бөлігімен, яғни «қылмыстық топ құрып, оны басқарумен айналысқаны үшін», айыпталады. Өз қызметін асыра пайдаланумен бірге Қылмыстық кодекстің 176 бабы А,Б тармақтарымен, атап айтқанда, өзгенің сеніп тапсырған мүлкін талан-таражға салу қылмыстары көп кездеседі. Осындай жолмен ірі көлемде қаражат жымқырған.

Сотталушылардың арасында Виктор Храпунов қаланы басқарып тұрғанда жер, құрылыс және кәсіпкерлік саласына жауапты бұрынғы басқарма басшылары бар. Биыл 71 жасқа келген Яков Заяц әкімнің орынбасары, Абай Сапаров жер қатынастар басқармасының жетекшісі, ал Ғабиден Қайымсұлтанов құрылыс саласын басқарған едіСоңғысының ұлы Әлібек Қайымсұлтанов 2009 жылы қаланың орталығында үш студенттің өліміне себепкер болғаны үшін 7 жылға сотталған болатын. Ал экс-әкімнің «оң қолы» болған Яков Заяц есін жоғалтқанын айтты.

Яков Заяц, сотталушы:

Бұл істің бәрі осыдан 15-20 жыл бұрын болды. Мені осыдан 10 жыл бұрын көлік қағып кетті. Содан бері есімді жоғалтып, жадымда көп нәрсе сақталмаған. Сондықтан тағылған айыптардың кейбірін ғана мойындаймын

Өзге сотталушылар да тергеу барысында тағылған айыптарды, ішінара мойындайтындарын айтты. Ал 9 соталушының қорғаушысы судьяның атына талап-арыздарын жолдады. Онда қылмыстың ауырлығына байланысты 5,10,15 жыл бұрын жасалған қылмыстар кешіріліп, іс тоқтатылуы керек.

Дәурен Әбитақын, Ғ. Қайымсұлтановтың қорғаушысы:

Қылмыстық кодекстің 1997 жылы жариялнған редакциясына сүйенсек, менің қорғауымдағы азамат жасады делінген қылмыстың уақыты өтіп кеткен. Оған тағылған айыптағы эпизодтар 2003 жылы деп көрсетілген. Орташа ауыр дәрежедегі қылмыс жасаған адамға қылмыстық іс тек 10 жыл өткен соң қозғалса, күдікті жауапкершіліктен босатылуы тиіс

Мемлекеттік айыптаушы бұл талап-арыздардың уақытынан бұрын берілгенін алға тарттыОның айтуынша, басты сот талқылауы әлі басталған жоқ. Сол себепті қолдамаймын деді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қорғаушылардың келтірген уәжінен соң, судья үзлісі жариялады. Сот қазысы сотталушыларды қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы талаптың жауабын алдағы сот талқылауында айтуы тиіс. Келесі  процесс 31 тамызға белгіленді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ