Керекуліктер дәрігерлер қабылдауын сағаттап күтуге мәжбүр. Бұқара бір маманға қаралу үшін жарты күн кететінін айтып шағымданды. Өңірде "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында «DamuMed» қосымшасы енгізілген. Жұрттың жаңа жүйеге неге көңілі толмай отыр? Тұрғындармен Әсемгүл Мұхитқызы тілдесіп қайтты.
Тыл еңбеккері Ертай Мақатовтың емхана табалдырығын тоздырып жүргеніне екі аптаға жуықтаған. Шілденің 19-нан басталған әурешілік әлі бітер емес. Қарапайым анықтама алу үшін ол 17 маманға қаралуы тиіс. Әрбіріне жеке-жеке жазылған ақсақал кезек күтіп сабылып жүр.
Ертай Мақатов, Павлодар қаласының тұрғыны:
Мен міне таңертең 9-да келгем. Міне 12-ге кетті сағат. Үш сағат отырдым. Әлі біткем жоқ. Енді қазір окулист бар, лоринголог дейді ме, сол бар. Ең аяғында учаскелік дәрігерім тұжырымдама береді. Оған енді ертең қайта келу керек!
Теперь я выбираю специалиста. Тот кто мне нужен, его здесь нет.
Бұл павлодарлық медициналық мекемелерге жыл басынан енгізілген ақпараттық жүйе. «DamuMed» деп аталатын мобильдік қосымша қызмет көрсету сапасын көтеруді көздеген. Жаңашылдық жұмысбасты адамдарға өте ыңғайлы,- дейді Бұлдана Сейсембаева. Бірақ әлі жетілдіруді қажет етеді. Бағдарламадан травматологты таппаған ол ауруханаға келіп, кезекке тұруға мәжбүр болған.
Бұлдана Сейсембава, Павлодар қаласының тұрғыны:
Таңертең мен келгенде ұзынсонар кезек болды. Ол шамамен таңғы 9 болатын. Сөйтіп, рентгенографияға жолдама алу үшін екі сағаттай кезек күттім. Бір парақ қағазды алып, рентген жасатуға астына түстім. Ол кезде 5 минутсіз 11 болды. Ал, рентген жасайтын маман «қабылдау аяқталғанын» айтып, есікті тарс жапты. Енді не істейтінімді білмеймін.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар жүйені енгізу әлі аяқталмағанын айтты. Әзірге қосымша арқылы дәрігерге жазылу, маманды шақырту, тағайындамалар кестесі, тіпті еңбекке жарамсыздық парағын алуға болады. Бірақ, салалық дәрігерлерге жазылу қарастырылмаған.
Ерлан Ержанов, Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары м.а.:
Науқас терапевт және жалпы практик дәрігерге немесе педиатрға жазыла алады. Егер пациентке салалық мамандар қажет болса, онда қосымша арқылы жазыла алмайды. Мысалы, травматолог, невропатолог дегендей. Ол мамандарға науқасты тек емхана дәрігері жібереді.
Медицина мекемелеріндегі бітпейтін кезек мамандар тапшылығымен байланысты,-дейді сала шенділері. Бүгінде жалпы практик дәрігер ауысымында 30 адамды қабылдайды. Ал, салалық мамандардың бір күндік жүктемесі - 60 науқасқа дейін барады.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Қазір кез келген мәселені ұялы телефон арқылы шешуге бейімделдік. Енді медициналық қызметті де саусақтың ұшымен алатын болдық. Бастысы - уақыт үнемделеді. Дәл қазір мен қосымшаның көмегімен ертең сағат 9-00-ге терапевт дәрігеріне жазылдым. Ендігі міндет - уақытынан қалмай, емханаға бару.
Әсемгүл
МҰХИТҚЫЗЫ