Алматыда Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен ұсталған Жанар Толыбаеваға қатаң жаза қолданылуы мүмкін. Себебі оның үстінен екі бірдей баппен қылмыстық іс қозғалды. Бүгін қалалық соттың баспасөз хатшысы Диас Махамбетов күдіктінің қамауға алынғанын растады. Ол 23 шілде күні Алматыда ұсталған. Ал сот оған 26-шы шілдеде 2 айға қамау туралы бұлтартпау шарасын қолданды. Қамауға алынған күдіктіге қатысты толық ақпарат жоқ. Белгілісі - ол Қылмыстық кодекстің 434 бабы және 188 бабының 2 тармағы бойынша айыпталып отыр.
Диас Махамбетов, Алматы қалалалық сотының баспасөз хатшысы:
Алмалы аудандық сотының шешімімен Жанар Толыбаеваны уақытша қамауда ұстау туралы санкция берілді. Оған тағылып отырған айып тергеу барысында өзгеруі мүмкін. Алдын ала айыптау қортындысы бойынша, ол "қылмысты қасақана жасырғаны" үшін және "ұрлыққа барғаны" үшін тергелетін болады.
Заңгерлердің айтуынша, біле тұра қылмысты жасыру фактісі аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Ондай қылмыс жасаған адамға 434 бап бойынша 6 мың айлық есептік көрсеткіш, ол - шамамен 14 млн теңге айыппұл қарастырылған. Болмаса 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмақ. Ал ұрлық жасағыны үшін тағы да 7 млн теңге айыппұл немесе 5 жылға түрмеге отырғызу шарасы қолданылады.
Сергей Уткин, заңгер:
Меніңше, бүгін ұсталған әйелді бекерден бекер жауапқа тартып отырған жоқ. Ол қылмыс жасаған адамдар туралы алдын ала білуі мүмкін. Демек әлгі екі күдікті ұсталғанға дейін полицияға жақ ашпаған, іздестіру шараларын жүріп жатқанын көре тұра, қылмысты қасақана жасырған деген сөз. Мұны заң тілінде «қылмыс туралы мәліметтерді дер кезінде жеткізбеу» деп айтады. Бұл - өте ауыр қылмыс.
Айта кетейік, бұған дейін Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен 23 және 24 жастағы ккі жігіт ұсталды. Қазір олар қамауда, тергеу амалдары жүріп жатыр.