Русский Сайттың толық нұсқасы

Астаналықтар аула маңындағы қоқыстарды әлеуметтік желінің көмегімен жинауға кіріскен

  • AstanaTV
  • 27 шілде 2018
  • 3028

Астаналықтар аула маңындағы қоқыстарды әлеуметтік желінің көмегімен жинауға кіріскен. Яғни тұрғындар үйден шықпай-ақ, тұрғылықты мекен-жайына қарасты ауданның ғаламтордағы парақшасына мәселесін жазып жіберуі тиіс. Кейін әкімдік өкілдері бұған жауапты коммуналдық мекемелерге хабарлайды. Мұндай жүйе бас шаһардағы барлық аудандарға енгізілген бе? Осындай жаңашылдыққа тұрғындар қалай қарайды? Тілшіміз Сабина Мәдиқызы біліп қайтты.

Астаналық Мария Пышнаяның айтуынша, әлдебіреулер үй ауласын үнемі ластап кетеді. Бос бөтелке, пластик және тұрмыстық қалдықтарды өткен-кеткен адамдар шашатын көрінеді. Ал пәтер иелері кооперативі аулада қаулап өскен арамшөптерді жұлмайды деп арызданды. Шағымын әлеуметтік желдегі парақшаға жолдаған. 

Мария Пышная, Астана қаласының тұрғыны:

Мен арызымды қалдырған соң, санаулы минуттардан кейін маған өтініш қабылданды деген жауап келді. Кейін осыған жауапты мекеме маған хабарласып, мекен-жайымды сұрады. Мінеки, дәл қазір жұмыстың жүріп жатқанын байқауға болады.

Қаланың тазалығын сақтау үшін ашылған желіге Астананың барлық аудандары қосылған. 4 ауданның өздеріне тиесілі әлеуметтік желідегі парақшасы бар. Байқоңыр әкімдігінің мамандары күніне 5-6 шағым түсетінін айтты.

Әсемгүл Төлепбергенова, «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Бұл шағымдар түскеннен кейін бізде бірден экранға шығады. Яғни бір 5 минуттың ішінде оны біз қабылдап, жауап жазамыз. Яғни сіздің өтінішіңіз қабылданды. Ресми жауапты күтуіңізді өтінеміз деп. Одан кейін жұмыстың ауырлығына байланысты жұмыстың күрделілігіне байланысты 2-3 сағаттың ішінде фотосын, яғни сол жерде мердігерлік ұйымдардың жұмыс істегенін немесе ПИК қызметкерлерінің жұмысты орындағаны туралы фотосуретті жібереміз де, тұрғынға жауап береміз.

Бұдан хабары бар астаналықтар жаңа жүйенің тиімділігін бағалап үлгерді. Жаңа тәсілді естімегендер де бар.

Жоқ. От вас первый раз слышу. А так никогда не слышал. Вообще не слышал.

Иә, естідім. Да. Маған ұнамайды. 

Мен ойлаймын, бірінші КСК звондауы керек. Зачем сразу фотоға  түсіруге. У акимата проблем без этого хватает. Маған ұнамайды.

Фейсбукте барлық парақшам бар. Бірақ ондай нәрсені естіген емеспін.

Жақсы деп ойлаймын. Мысалы, біз балалармен ешқайда шығып, ол мәселелерді барып, сөйлесе алмаймыз ғой. Ал телефонда болса, үйден де жазып, жіберетін едім, шағымдар болса. Тілектеріміз болса, жазып жіберетін едік.

Сабина Мәдиқызы, тілші:

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан қала тазалығы мәселесі коммуналдық мекемелердің шаруасы деп қана қарамай, жергілікті жұрт та тазалықты қолға алуы керек. Ол үшін қолға күрек немесе сыпырғы алудың қажеті бола қоймас. Тек қоқысты беталды тастамасаңыз болғаны, ал оны жол-жөнекей ала кетсеңіз, ол да сауап.

Сабина МӘДИҚЫЗЫ