Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы соты экс-әкім Виктор Храпуновтың қылмыстық ісін тоқтату туралы өтінішті қабылдамай тастады

  • AstanaTV
  • 31 шілде 2018
  • 2301

Алматы соты адвокаттардың арызын қабылдамады. Қорғаушылар экс-әкім Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунова және тағы 10 адамға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш білдірген еді. Қорғаушылар оқиға осыдан 14 жыл бұрын болғанын негізге алды. Судья Қасым Қалмағамбетов бұл арыз қанағаттандырылмағанын жеткізді.

Қасым Қалмағамбетов, Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

Заң талаптарына сәйкес көзделген, егер сол істі қысқартуға сотталушылардың бірі немесе жәбірленушілердің бірі қарсы болса немесе басқа да мән-жайлар бас сот талқылауында зерделеуді қажет етсе, сот талап-тілекті қанағаттандырусыз қалдырылады. Сондықтан талап-тілек қанағаттандырусыз қалдырылып, барлық істің мән-жайлары бас сот талқылауында талқыланғаннан кейін барып тиісті шешім қабылданады.

Ал айыпталушылардың бірі Серік Есмұқановтың адвокаты қылмыс құрамының жоқтығына байланысты өз қорғаушысын күдікті санатынан куәгер санатына ауыстыруды қажеттігін айтты. Алайда судья жәбірленуші тарап наразылық білдіргендіктен, бұл өтініш те қанағаттандырылмады деді.

Еске салайын, Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов пен оның әйелі және тағы 10 адамға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топқа 250 миллион доллар жымқырды деген айып тағылып отыр. Ерлі-зайыпты Храпуновтар мен істің тағы бір фигуранты Аияр Ілиясовке сот сырттай үкім кескен болатын. Оларға халықаралық іздеу жарияланды. Ал қылмыстық топтың қалған тоғыз адамына ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Бұл іске екі жүзден астам куәгер ретінде шақырылмақ. Қылмыстық істің негізгі отырысы тамыздың алтысына белгіленіп отыр.