Қызылжарда ірі зауыттар жұмысының қарқыны бәсеңдеді. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндіріс ауқымы 32 пайызға төмендеген. Кейбір өндіріс ошақтары өнім көлемін екі есе азайтқан. Кәсіпорындардың шатқаяқтауы жұмысшыларға әсер ете ме? Мәселе мәнісін аймақтағы тілшіміз білді.
Теріскейді ең көне өндіріс ошақтарының бірі «Зиксто» зауыты он жыл бұрын қорғаныс саласынан вагон құрастыру ісіне бет бұрған. Кәсіпорын бүгінде вагонның төрт түрін жасауға қауқарлы. Алайда, соңғы кезде тапсырыс тек «ашық платформаларға» ғана түсіп жатқанын айтты. Былтыр өндіріс ошағы осындай 1100 вагон жинаған. Биыл өнім көлемін 1,5 есе арттырмақ. Алайда, өндіріс қарқының ресейлік әріптестер тежеп отыр, дейді зауыт өкілдері.
Александр Аллакучуков, "ЗИКСТО" АҚ бас инженері:
Қазақстанда шойынды құю өндірісі жоқ. Сондықтан біз бұл өнімді Ресейден сатып аламыз. Зауытқа ай сайын дөңгелекті ұстайтын шойынның 150 данасы қажет. Бірақ көрші елдің өкілдері бізді тек 50 данамен ғана қамтиды. Сондықтан біз Украинаның зауыттарына жүгіндік. Олар шойын құймаларын қыркүйектен бастап тасымалдамақ.
Солтүстік Қазақстан облысында 4 ірі зауыт бар. Жыл басынан олардың қарқыны бәсеңдеген. Мәселен, "Петропавл машина жасау зауытындағы өндіріс " 37 пайызға, "Киров" АҚ 11 пайызға, "Мұнаймаш" компаниясында 24 пайызға, ал "Зиксто" зауытында шамамен 40 пайызға азайды. Билік өкілдері мұны тапсырыстың төмендеуімен түсіндіреді.
Дәурен Жандарбек, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Машина жасау саласы былтырғы көрсеткіштің 68 пайызын ғана орындаған. Үш зауытта негізгі себеп - тапсырыс азайған. Ал төртінші кәсіпорында өнімді жасауға қажетті бөлшектер жоқ. Қазір бұл компаниялар қосымша келісімшарттарды іздестіріп жатыр.
Аймақ атқамінері бұл жайтқа зауыт жетекшілерінің де тікелей немқұрайлығы дейді. Олар жаңа нарық көздерін іздеуге құлықсыздық танытып отырғанын сынға алды.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
4 зауыттың жұмысы сын көтермейді. Зауыттар он жыл бұрын қандай өнім шығарды, бүгінде әлі сол шеңберден шыға алмай отыр. Заманауи қондырғыларды орнатып, жаңа клиенттерді іздеу деген жоқ. Бұл мәселені жылдың аяғына дейін шешу керек.
Абзал Құрманкин, тілші:
Зауыт өкілдері жылдың аяғына
дейін өндіріс ауқымын арттыруды көздеп отырғандарын жеткізді. Қазір өндіріс
көлемінің азаюына байланысты екі зауыт жұмысшылардың жалақысын қысқартқан.
Соның бірі - "Зиксто" акционерлік қоғамы.