Русский Сайттың толық нұсқасы

Цифрлық жүйеге көшудің алғашқы құрбандары

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2018
  • 2893

Цифрлық жүйеге көшудің құрбандары. Павлодарда көп қабатты үйдің жүзге жуық тұрғыны бір күнде баспанасыз болып шықты. Құжат жүзінде үй-күйсіз қалған тұрғындар мұның себебін түсіне алар емес. Құзырлы органдардың айтар уәжі қандай? Мән-жайды Әсемгүл Мұхитқызы анықтады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бір күнде тұрғындары тіркеуден айрылған бұл үйдің салынғанына жарты ғасырдан асқан. Осы уақыт аралығында баспанадағы 4 подъездің 96 тұрғыны еш алаңсыз өмір сүріп келді. Бірақ шілденің 24 мен 26-ы аралығында барлық пәтер қожайындары өз еркімен тіркеуден шығып қалған.

Таң атысымен Халыққа қызмет көрсету орталығына барған Әлия Мүслимоваға да тіркеуден өз еркімен шыққаны жөніндегі қағаз беріліпті. Онда «меншік иесінің өтінішімен» пәтер тіркеуінен шығарылғаны жазылған. Зейнеткер мұндай өтінішті бермегенін айтады. Бұл мекен-жайда 40 жылдан бері тұратын отағасы екеуі ғана емес, екі баласы да құжат жүзінде үй-күйсіз қалған.  

Әлия Мүслимова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Ертең пенсия алуға барғанда сенде прописка жоқ деп, пенсия берілмей қалса, не болушы еді? Штраф бар, 5 МРП деп кеше естідік. 25-і бізді шығарды, бүгін екісі, 6-сынан кейін біз штраф төлеуші едік. 4 адамға 20 МРП ғой.

Дәл осындай жағдайға бұл үйдегі тағы 96 адам тап болған. Аяқ-астынан баспана тіркеуінен қағылған бұқара құзырлы органға шағымданды. Жергілікті көші-қон қызметі өкілдері туындаған мәселе цифрлық жүйеге көшу кезінде болған қателік деп түсіндірді.

Әсем Дүйсенбаева, Павлодар облыстық ІІД көші-қон қызметі басқармасының бөлімше басшысы:

Ол үй ведомстволық мекеме болып шыққан. Қолданыстағы заңға сәйкес, ведомстволық нысандарда азаматтар тіркеуде тұра алмайды. Сәйкесінше, бәрі тіркеуден шығарылған. Енді бұл мекенжайдың тұрғын-үй екені анықталып отыр. Қайталап айтамын, орын алған жағдай техникалық ақаудың кесірінен болды.

Шенділер түйткіл бірер күнде шешіледі деп сендірді. Құжат жүзінде үй-күйсіз қалған барлық азаматтар қайта тіркелмек. Мамандар бұл оқиға бойынша ішкі қызметтік тексеріс басталатынын жеткізді. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылуы мүмкін. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ