Русский Сайттың толық нұсқасы

Елдің кейбір аймақтарында егінге орақ түспей жатып, жанармай жыры басталды

  • AstanaTV
  • 07 тамыз 2018
  • 3988

Үкімет дизельді отын бағасын реттемесе, ауыл шаруашылығы құрдымға кетуі мүмкін. Елдің кейбір аймақтарында егінге орақ түспей жатып, жанармай жыры басталды. "Дизель отыны бағасының екі есеге көтерілуі шаруа қожалықтарын шаш етектен шығынға батырады", - дейді Фермерлер одағының төрағасы.  Энергетика министрлігінің мамандары не дейді? Ғалия Мұхамбетқызы тарқатады.

Ғалия Мұхамбетқызы, тілші:

Жанар-жағармайдың бағасы биыл сәуірде "секіріп", көктемгі егісте шаруалар сарсаңға түскен еді. Енді, міне, егін орағы қызған шақта дизель отынының тоннасы 150 мыңнан 171 мыңға көтеріліп отыр. Осылай деген Фермерлер одағының төрағасы бағаны Үкімет реттеу керек деп отыр. Олай болмаса, биыл егін 20 пайызға жиналмай қалуы мүмкін.

Әуезхан Дәрінов, «Қазақстан фермерлер одағы»  республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Неге фермелер байбалам салады? Өйткені бұл кісілер өздерінің шығындарын қаңтар-ақпан айында жоспарлап, астықтарын сатып, бағасы ол уақытта жанар-жағармайдың 130-140 теңге болды. Соған пландап жасап қойған. Соған жеткілікті ғой деп, қалғанын жаңағы бөлшектерін, тыңайтқышын алып, техникасын алып деген сияқты, сөйтіп, бүгінгі күні ақшаларын жұмсап қойды. Енді мынау қымбаттағаннан кейін ол ақшаны қайдан алады?

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биылғы күзгі жиын-терімге сұраған 394,4 мың тонна дизельді отынмен толығымен қамтамасыз етіледі. Оны фермерлер өз қаражатына сатып алады", - деді бүгін Орталық коммуникациялар брифингінде Энергетика вице-министрі. Ал бағаға қатысты шаруалардың шағымына Болат Ақшолақовтың жауабы қысқа.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика вице-министрі:

Мемлекет заң бойынша мұнай өнімдері мен дизель отынына бағаны реттемейді және, сәйкесінше, субсидиялауға қатыспайды. Сондықтан баға нарыққа тәуелді болады. Ал ауыл шаруашылық тауар өндірушілеріне арзандау сатамын десе, ол бизнес өкілдерінің еркі.

Бүгінгі таңда елдің оңтүстігінде егін орағы аяқталды. Солтүстік өңірде 10-15 күнде басталады. Дизельді отын бағасының күрт көтерілуінен шаруалар күзгі астықтың 20 пайызын жинай алмай қалуы мүмкін. Бұлай жалғаса берсе, келер жылы егін алқаптары да айтарлықтай азаяды, дейді фермерлер. Жанар-жағармай өндірушілер мен Үкіметтен күдерін үзген шаруалар енді Елбасыға шағымданамыз деп отыр.  

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы