Жамбыл облысы Қордай ауданына орталықтан қосымша күш құрылымдары жіберілді. Бұл туралы облыстық ІІД хабарлайды. Елді мекенде тапа-тал түсте үй тонайтындар әлі қолға түспей отыр. Қарақшылардың әрекетінен халық үрейленіп қалған. Жарты айда он шақты үй тоналған. Ауданға облыс прокуроры мен ІІД бастығы барған. Олар жұртты сабырға шақырумен шектелді. Полицияның дерегінше, қарақшылар 3 адамнан көп емес.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
Қордай
ауылына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ІІД-нен қосымша 70 қызметкер,
оның ішінде атты полицейлер, сондай-ақ, 15 автокөлік және 10 қызметтік іздестіру иті жолданылды.
Олар күндіз-түні патрульдік жасаққа
шығып күзетуде. Сондай-ақ, облыстағы ең тәжірибелі полиция қызметкерлерінен осы
істі ашуда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта
кетейік, жуырда қарақшылар ерлі-зайыпты зейнеткердің үйін үптеп кеткен. Үй
иесін соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған 68 жастағы Владимир Бойко ауруханаға
түсіп, екі аптадан кейін қайтыс болды. Осы жағдайдан соң жергілікті тұрғындар
жаппай наразылық жасап, тәртіп сақшыларының әркетін сынға алған еді.