Русский Сайттың толық нұсқасы

«МАЭК-Қазатомпром» қосымша киловатт үшін ақы алуды тоқтатты

  • AstanaTV
  • 10 тамыз 2018
  • 2847

Ақтаудағы "МАЭК-Қазатомпром" компаниясы монополиялық жағдайын пайдаланып, энергия үшін тұрғындардан артық ақы алған ба? Монополияға қарсы орган тексеріс бастады. Бұған дейін ақтаулықтар электр энергиясына артық ақы төлеуге наразы болған еді. Тілші тарқатады.

Осыдан бірер күн бұрын «Маэк-Қазатомпром» ЖШС кассасында ине шаншар орын болмаған еді. Артық киловатт үшін ақы төлеуге қарсы болғандардың қарасы бүгін сиреген.

Ажархан Сүйенова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Кеше экономистке жолығып, ол маған түсіндірді. Барлығы 13 мыңнан астам теңгенің 1 800 теңгедейін алып тастады. Бүгін 11 400 теңге төледім. Яғни артық ақшаны төлеген жоқпын. Енді табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің тексеріс бастауына байланысты қосымша ақы төлеу қажет болмай қалды. Энергокомбинат монополиялық жағдайын пайдаланды деген күдік бар. Мамандар компания шілде айындағы шығынды есептеу қондырғысымен саналмайтын тұтынушылардың барлығына теңдей бөлген деп отыр. "Ал бұл - тұтынушылар құқығын бұзу" дейді.

Бақыт Бекмұратов, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті жетекшісінің орынбасары:

МАЭК-тің әрекетінде кемшіліктер бар екенін анықтап, осы әрекетті біз уақытша тоқтаттық. Қазір департаментте тергеу амалдары жүргізіліп жатыр осы мәселе бойынша. Қыркүйек айында нәтижелері шығады. Сол уақытта біздер нәтижесі бойынша тұрғындарға, тұтынушыларға хабардар қыламыз

Бұған дейін артық кловаттың қайдан шыққанын энергокомбинат басшылығы шілденің ыстық болуымен түсіндірген еді. Осыдан тұтыну көлемі 2 есеге артса керек. Бірақ тексеріс жағдайды өзгерткен.

Қолғанат Нұржаубайұлы,«МАЭК-Қазатомпром» ЖШС бас директорының кеңесшісі:

Қосымша тармақтағы ақыны төлегендерге ол тамызда кері қайтарылып, қайта есептеледі. Ал төлемегендер оны өтеуге міндет емес. Өйткені ол уақытша тоқтатылды

Егер "МАЭК-Қазатомпромның" заңсыз киловатт қосқаны анықталса, әкімшілік айыппұл төлейді. Мамандар ол шамамен 3 жарым миллион теңге екенін айтты.