Русский Сайттың толық нұсқасы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі азаматтарды қабылдады

  • AstanaTV
  • 10 тамыз 2018
  • 2975

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғындардың сауалына 3 күннің ішінде жауап береді. Әлеуметтік желі арқылы сала мамандарына күніне 40-тан аса сауал келіп түседі. Ал «Нұр Отан» партиясындағы бүгінгі қоғамдық қабылдауға 20-ға жуық азамат жазылған. Жеке мәселелеріне қатысты Министр Мәдина Әбілқасымованың өзінен жауап алуға келгендердің бірі базалық зейнетақыны қайта есептеу туралы сұрады. Мәселен, Астана қаласының тұрғыны зейнеттегі мұғалім Сартай Байымбетова еңбек еткен жылдарымды есептеуде қателік кетті деп санайды. Сондықтан үстеме ақыны ала алмай отырған көрінеді.

Сартай Байымбетова, зейнеткер: 

92 мың теңге аламын. Ол аз деп ойлаймын. Неге десеңіз, мен шығарда  дұрыс есептеп, дұрыс шығармаған. Содан аздау алып жүрмін пенсияны. Пенсия алған сайын бір добавкалар болғанда кейде дұрыс санамайды расчетта отырғандар. Министрге айтайын деп келдім, дұрыс қарап расчетын қайта жасасын деп.  

Дәмежан Сәдуақасова, Астана қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы:

Еліміздегі базалық зейнетақыны есептеудің жаңа жүйесі енгізілгеннен бері сауалдар көп түсіп жатыр. Азаматтардың ешқайсының сұрағы жауапсыз қалмайды. Шағымдары бойынша мәселелер жеке-жеке қаралады. Әлеуметтік желіде де мамандар жұмыс жасап отыр. Аса күрделі жәйттер бүгінгідей қоғамдық қабылдауда талқыланады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінен зейнетақыдан бөлек, жұмысқа орналасу, әлеуметтік сақтандыру төлемі, жәрдемақы жайы туралы сұрағандар көп болды. Алматы қаласынан бейнеконференция байланысы арқылы хабарласқан азаматтар да мәселесіне Мәдина Әбілқасымованың назар аударғанын өтінді.  

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Астана телеарнасы