Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадан 50 шақырым жердегі Тастақ станциясының тұрғындары су ішу үшін 20 жылдан бері пойыз күтеді

  • AstanaTV
  • 13 тамыз 2018
  • 5442

Астанадан 50 шақырым жердегі Тастақ станциясының тұрғындары су ішу үшін 20 жылдан бері пойыз күтеді. Ауылдағы 500 тұрғынға су теміржолмен жеткізіледі. Онда да аптасына бір-ақ рет. Ал пойыз келмей қалған жағдайда не істейді? Билік өкілдері мұны қалай түсіндіреді? Диана Сапарқызы жұрттың тіршілік нәріне қашан қолдары жететінін анықтап келді.

Астанадан небәрі 50 шақырым жердегі бұл ауылдың тұрғындары таңғажайыптың болатынына сенбейді. Үміттерін үзген тұрғындар біреуге зарын айтудан да қажыған. Өйткені нәтиже жоқ. 20 жылдағы көрініс бір. Бір жұма бұрын пойызбен жеткізілген суды цистернадан алады. Ал, бүгін бұл бөшке қақсып тұр. 

Тілектес Ыдырысова, ауыл тұрғыны:

Су жоқ. Осылай бітіп қалады. Бір екі үш күн болмай қалады кейде. Малдары барлар малға су бере алмайды. Міне қазір күн ыстық қой вообще су болмайды. Қиын болды. Су болмаған уақытта кір жумаймыз. Жеуге, тамақ ішуге, шайға, соған нетеміз. Болмайды су, қиын тіпті.

Тегін құйып кеткен 90 текше метр су 500 тұрғынды қамтамасыз ете алмайды.  Бүгін суға келген Зумар Гареев секілді бос бөшкемен қайтатындардың қарасы қалың.

80 жастағы зейнеткер 20 жыл бойы тіршілік көзін үнемдеумен келеді. Тіпті жуынбайтын кездері болады. Себебі 30 литр суды ішуге ғана қолданады.

Иван Резинкин, ауыл тұрғыны:

10 жыл болды тек сөзбен тойғызып кетеді. Әлі де уәделерінде тұрмайды. Басқа айтарым жоқ. Қажыдым. Су таситын трактор бар. Оны тек станция жұмыскерлеріне алып келеді. Таң атқаннан сарылып күткен тұрғындарға су аптасына бір рет түстен кейін бір-ақ келді. Сондықтан бейсенбі олар үшін мереке күнімен тең.

Диана Сапарқызы, тілші:

Ал мына темір жол шетіндегі жалғыз цистерна ауыл тұрғындарының күні байланған. Əр бейсенбі сайын Атбасардан пойызды тағатсыздана күтеді. Тұрғындардың айтуынша, кейде тіпті пойыз дер кезінде келмей қалатын жағдайлар болады. Мұндай кезде күткеннен басқа амалдары жоқ екендерін айтады.

Тұрғындардың айтуынша, бұрындары бұл ауыл судан тарықпаған. Бірақ Кеңес үкіметі құлағаннан кейінгі жағдай осындай. Әкімдіктің табалдырығын создырғандар еш нәтиже таппапты. 

Галина Кирюшенко, ауыл тұрғыны:

Біздің округтің әкімі түк істей алмайды. Әйтеуір жүрген адам. Ешқандай мәселені көтермейді. Мына су жағдайы, ауылдың басқа да жағдайына алаңдап жатқан жоқ. Облысқа дейін бардық, барлығы жауапсыз қалды. Шаршадық.

Ал жергілікті билік өкілдері биыл Тастаққа су тазартатын станция орнатуға қаржы бөлінгенін айтып отыр.

Мұрат Жаңабергенов, Целиноград ауданы тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Тастақта су болмағаннан кейін өзіміз аудан бюджетінен биыл қарастырып, су тазартқыш станциясын орнатамыз. Конкурстық процедураны өткіздік. Шартқа отыруға мердігер ұйым бар. Жоспар бойынша бір-екі айдың көлемінде бітіруді жоспарлап отырмыз.  17 млн қаражат бөлінген. Негізі 20 млн бөлінген. Тендер арқылы өткізгеннен кейін 17 млнға бір кісі ұтып отыр.

Ауданда Тастақтан өзге суға зарығып отырған 10 ауыл бар. Биыл Тастаққа су жеткізілсе, келер жылы Ақмешіт, Семеновка, Антоновка, Талапкер ауылдарына су станцияларын орнату жоспарланған