Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркия АҚШ тауарларына салық салды

  • AstanaTV
  • 15 тамыз 2018
  • 2689

Салыққа салық. Түркия АҚШ-тың баж салығына қатысты қарымта жауап қайтарды. Ресми Анкара Американың алкоголь өнімдеріне тарифті 140 пайызға өсірді. Автокөлік пен шылым әкелу де қымбаттамақ.  Бұл туралы Рейтерс хабарлады. АҚШ Түркия алюминийі мен болатына салықты өсіріп, ұлттық валюта - түрік лирасы құнсызданып қалған еді. Президент Реджеп Тайып Ердоғанның мұндай шешім қабылдауына осы түрткі болды. Анкара маусым айында салықты Американың 22 тауарына көтерді. Вашингтон Түркиядан өзге Қытаймен сауда соғысын жүргізіп келеді. Сарапшылар мұның арты жақсылыққа әкелмейді деп отыр. Гарвард университетінің профессоры Ричард Купер мұндайда жеңімпаз болмайды дейді. 

Ричард Купер, Гарвард университетінің профессоры:

АҚШ-тың тариф енгізуі жақсы емес. Егер ел саясаты америкалық фирмалар мен инвестицияларды АҚШ-қа қайтару болса, бұл дұрыс шешім емес. АҚШ-тың сауда дефициті төмендемей, жоғарылай береді.

Ал Пекин Дүниежүзілік сауда ұйымына арызданды. Олар Вашингтонның күн батареялары мен фотоэлементтер импортына 30 пайыздық салық енгізуіне қарсы. Екі дау ортасында айфон өндіруші Apple компаниясы жапа шеге жаздады. Бұл корпорация қытайлық нарықта жылына 50 млрд доллар пайда тауып отыр. Бірақ Дональд Трамп Apple басшысы Тим Кукуге Қытайдағы бұл компания өніміне салық салынбайтынына уәде берді. Ал АҚШ басшысы қытайлық Huawei и ZTE бренд техникаларын Ақ үй мен үкіметтік мекемелерде ұстауға тыйым салды.