Русский Сайттың толық нұсқасы

ШЫҰ-ның Даму банкiн құру мәселесi қыркүйекте Бiшкекте талқыланады

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2016
  • 1335

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкi құрылуы мүмкін. Мәселе Бiшкекте қыркүйекте өтетін кездесуде талқыланбақ. Бұл туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердiң жоғары қаржылық бақылау органдары басшыларының кездесуiнде елдің Сыртқы iстер министрi Ерлан Ыдырысов хабарлады.

Министрдің айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелерi, бақылаушылары, серiктестерiн қосқанда 18 мемлекетке жетедi. Оның iшiнде Қытай, Ресей, болашақта Үндiстан, Пәкістан, Иран қосылатынын есепке алса, бұл әлем халқының 45 пайызын құрайды. Сондықтан ұйымның даму, өсу әлеуетi орасан зор деп отыр.

Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы iстер министрi:

Шанхай ынтымақтастық ұйымы түрлi бағыттағы 28 ынтымақтастық тетiгiн iске қосты. Қазақстан сауда-экономикалық бағытқа басымдық бередi. Даму банкiн құру мәселесiн ұйымға мүше мемлекеттердің қаржы министрлерi биыл қыркүйекте Бiшкекте талқылайды. Бiз нақты нәтижелерге қол жеткiземiз деген үмiттемiз.

Айта өтейік, маусым айында Ташкентте өтетін саммитте тарихи шешім қабылданбақ. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрамына Үндiстан мен Пәкiстанды, сондай-ақ Иранды қабылдау мәселесi шешіледі. Сондай-ақ Ташкентегі саммитте ұйымның төрағалығы Қазақстанға өтеді.

Берік ХАСЕНОВ