Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанғандарға 600 үй салу жоспарланып отыр

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2018
  • 4275

Солтүстік Қазақстан облысына жұмысқа орналасуға барғандар үшін 600 үй салынбақ. Пилоттық жобаға 3 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Баспананы 5 жылдан соң жекешелендіруге болады. Шарты біреу - ол сол өңірдің ауыл шаруашылық саласында кемі 5 жыл жұмыс істеуі тиіс.

Азамат Әмит, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігінің сарапшысы:

2019 жылдан бастап бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізіліп, Солтүстік Қазақстан облысына пилоттық түрде баспана салу мәселесі қолға алынатын болады. Көшіп баратын азаматтар кемінде жарты жыл тұру керек. Егер мемлекет тарапынан баспаналы болатын болса, олар кемінде бес жыл сол аймақта тұрып, 5 жылдан кейін сол үйді өз меншігіне жекешелендіріп ала алады.

Айта кетейеік, бұған дейінгі хабарымызда Шымкенттен Павлодар облысының ауданына көшіп барған отбасы мемлекет қолдау үшін беретін 600 мың теңге үй алуға жетпейтінін айтқан еді. Мұндай азаматтарға бір рет 600 мың теңге немесе ай сайын 1 жылға 72 мың теңге төленіп отырады. Баспанасыз сандалғандықтан, былтыр 19 отбасы солтүстік аймақтардан кері қайтқан. Ал кадр тапшылығы мәселесі өзекті. Мамандардың айтуынша, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында жыл сайын 50 мыңға жуық жұмыс күші жетіспейтін көрінеді. Аймақтарда білім беру, денсаулық сақтау, және әлеуметтік сала мамандар тапшы.  Былтыр солтүстік өңірлерге 7 мыңға адам қоныс аударған. Ал биылғы 7 айда небәрі 800-дей отбасы қоныс аударған. Бұл 3 мыңға жуық адам. Олардың 32 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады. Бағдарлама шеңберінде әр қоныс аударған отбасының жол-пұлына 84 мың теңгеге жуық қаржы қарастырылады. Бір жылға дейін тұрғын үй коммуналдық шығындарды өтеу үшін әр отбасы мүшелерінің санына қарай ай сайын 36-дан 72 мыңға дейін төленеді. Айта кетсек, көші-қон бағдарламасы 2011 жылдан бастап жүзеге асып келеді.