Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жаңа оқу жылынан бастап барлық орта мектептердегі асханалар бірыңғай ас мәзіріне көшеді

  • AstanaTV
  • 16 тамыз 2018
  • 2815

Алматы мектептеріне Кеңес үкіметі кезіндегі тамақтану стандарттары енгізілмек. Бүгінде барлық білім ошақтарына ортақ мәзір әзірленіп, бекітілген. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы брифингте айтты. Демек, аспаздар бұрынғыдай мәзірді өз бетінше өзгерте алмайды. Яғни барлық мектеп үшін тағам мен міндетті түрде тұтынылуы тиіс өнімдер тізімі жазылады. Бірыңғай мәзір жас ерекшелікке сай үшке жіктелген. Әрі әр санатқа сай оның құнарлық мөлшері де өзгеріп отырады. Аптасына екі рет оқушыларға сүт пен бал беріледі және көкөніс салаты, ірімшік пен сорпа енді жиі дайындалады. Екінші тағамға міндетті ет ұсынылуы тиіс. Ал бейсенбі - балық күні деп бекітілген.

Айзат Молдағасимова, Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекшісі:

Бұрындары біз мектептегі ас мәзірін қандай азық-түлікті алуға болады, қайсысына тиым салынады деген мәселе жөнінде ғана бекітетінбіз. Енді сол өнімдердің қайсысын қай күні беруге болады деген тізімді жасап шықтық. Балды қашан, жемісті қай кезде береді деген сияқты мәселе төңірегінде. Бейсенбі ескі дәстүрге сай балық күні. Әрине, ескі де болса дұрыс тамақтану үрдісінде өз нәтижесін берді емес пе. Сондықтан, осылайша, толық тізімді бекіттік. Енді барлық орта мектепте бірыңғай ас мәзірі болады.