Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясы аумағындағы 5,5 гектар жер таласқа түсті

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2018
  • 5630

Алматыда «Қазақфильм» киностудиясының аумағындағы жер дауы ұшыға түсті. Бүгін кинематографистер 5,5 гектар жерді беруге қарсылық білдірді. Алайда әкімдік өкілдері дау туған жер ешқашан "Қазақфильмнің" меншігінде болған емес деп отыр. Дау неден басталды? Әйгілі фильмдер түсірілген жерге не салынады? Олжас Нұржақып шенділер мен шығармашыл жандардың шиеленісіне үңіліп қайтты.

Жер дауы осыдан бір жыл бұрын басталған. Жергілікті билік киностудия аумағындағы 5 жарым гектар алқапқа «Этноауыл» салуды  жоспарлаған. Бірақ шығармашыл қауым оған түбегейлі қарсы. Тіпті, сол мәселе басталған уақытта-ақ, сотқа арыз түсірген. Бірақ нәтиже жоқ. Екі отырыста жеңілгенімен, түбі пікір түзелер деген үміттерін үзер емес.

Сатыбалды Нарымбетов, «Қазақфильм» киностудиясының көркем фильмдер жетекшісі:

Осы жерден Қаскелеңге дейін таудың етегінде жазық дала жатыр. Этноауыл салсын сол жақта. Ал біз бұл жерден музей салғымыз келді Шәкен Айманов атындағы. Осы жерді қала ретінде енді-енді бастап жатқанымызда, осындай сылдыр әңгіменің куәсі болып отырмыз. «Қазақфильм» ұлттық құндылыққа жатпаса, онда опера театрын да, Әуезов театрында отчуждение дейміз бе, алсын онда бәрін бірге.

«Қазақфильм»  Алматының қақ ортасында Әл-Фараби көшесінде орналасқан. Сатыбалды Нарымбетов «бұл майшелпек санайтындар көз алартуын қояр емес» дейді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Орта ғасырға тән мына түсірілім алаңы 2016-шы жылдан бері «Қазақ елі» көп сериялы фильмінің бірдей екі мауысымын түсірген. Бірақ жергілікті билікпен арадағы келіспеушіліктен «Қазақфильм» киностудиясы осынау 15-ші ғасырдың көрінісін айшықтаған тарихи тас қамалдан да айырылып қалуы мүмкін.

Дау туған жерде қазір «Қазақ елі» көп сериялы фильмінен бөлек, «Томирис» тарихи туындысы да осы жерде түсіріліп жатыр. Режиссер Сәбит Құрманбековтың айтуынша, алғаш жоба сызбасын салып, құрылысты бастағанда жергілікті билік өкілдері қызығушылық танытып, бірге талқылаған да көрінеді.

Сәбит Құрманбеков, режиссер-суретші:

Біз шошып кеттік. Бұл қалай, ресторан болып кетсе, тағы бірдеңе болып кетсе, біз кино түсіре алмай қаламыз. Содан бас тарттық та, оған қатыспай қойдық. Біз ол кезде жер туралы ма, білмейміз ғой не болып жатқанын. Біз суретші ретінде, киногер ретінде киноға ыңғайлы, қалаға кедергі келтірмейтін, қызығушылық болса, туристер келетін жер жасауға болатын еді. Бірақ ол болмайын деп тұр.

Арман Асенов, Қазақстандағы продюсерлер гильдиясының төрағасы:

Әрине, осындай керемет идея, жоспарлардың бір сәтте күл-талқаны шығатынын сезінген өкінішті-ақ. О бастан кірісесің, жобасын сызып, дайындап, жасап болғаныңда, дайын дүниең бір шекпендінің шырмауында кетеді. Біздің еліміздегі осы мәселеге тоқтау болар емес. Әрине, онсыз да көркем фильм түсірілімі барысында салынған натуралар тарихи, труистік орынға айналатын еді ғой. Оны бұзып, орнына этноауыл салу ойға сыймайды.

Ал әкімдік өкілдерінің ойланар түрі жоқ. Жоба бекітілген. Сондықтан кинематографистер ол жердегі түсірілімді жаңа жоба құрылысы басталғанша жалғастыра алады деп отыр.

Мақсат Қиқымов, Алматы қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:

Жер телімі ешуақытта киностудияның меншігінде болған емес. Осы уақытқа дейін 16 жарым гектарлық аумақты ұзақмерзімді жалға алып келді. Бірақ 2017 жылдың желтоқсанында 5,5 гектарына «Этнолэнд» жобасын салу үшін келісімді бұздық. Сотқа арыз жазды. Қарсылық білдіріп жатыр. Бірақ аудандық, қалалық сот процестері әкімдік пайдасына шешім шығарып берді. Сондықтан заңды түрде жерді шусыз қайтарғаны дұрыс.

Әкімдік өкілі «Этнолэнд» жобасы аясында тарихымыз да, мәдениетіміз де қамтылады деп отыр. Ал қазір жобаның сметалық құны әзірленіп жатыр. Құрылысы келер жылдың қыркүйегінде басталмақ.

Олжас НҰРЖАҚЫП