Русский Сайттың толық нұсқасы

200 жылдық Қызылорданың жаңа келбетін әсем архитектуралық пішіндер сымбаттауда

  • AstanaTV
  • 20 тамыз 2018
  • 5394

Қызылорда келбеті өзгерді. Қаланың 200 жылдығына орай көп қабатты үйлер әрленіп, сырланып қана қоймай, көшеде түрлі бейнелер пайда болды. Күзде болатын мерейтой қарсаңында тағы бірнеше архитектуралық туындылар орнатылмақ. Шарипа Сақтапова сабақтайды.

Пірікталас, талқылау, нұсқалар, материалды таңдау. Дәл осы шеберханада нағыз ғажайып мүсіндер дүниеге келеді. Дизайнер, суретші, шеберлерден құрылған команда кезекті шедевр жасап жатыр.

Әділет Наурызбаев,  «Арт-Орда» ЖШС өкілі:

Қызылорда қаласы қазақшылықтын қаймағы болғандықтан, көбінесе ұлттық нақыштағы кіші архитектуралық формалар. Жоба авторлары - осы жұмысты жасайтын жігіттер-қыздар - барлығы осы Қызылорданың азаматтары, тұмалары. Арнайы дизайнерлер бар. Ұсталар бар. Командалық жұмыс болып есептеледі.

Қазақ даласының ұлы ақындары мен ойшылдары, көшпенді ауылдар мен желмен қалықтаған Қазақстан туы. Қызылорданың кіреберісіндегі қазіргі көрініс осындай. Қала ішіндегі көше бойларына да архитектуралық пішіндер қойылған. Тұрғындар қаланың жаңа келбеті мен дизайнерлік өзгешеленгеніне дән риза. 

Оразкүл Темірнұрова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Қойылып жатқан мынау мүсіндер барлығы өте орынды, өте жарасымды, көзге қонымды. Ырзамыз қаланың көркейіп жатқанына, өсіп-өніп жатқанына.

Қанат Нұртаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір әлдеқайда қаламыз дамыған. Қаламыз ешбір қаладан кем емес Қазақстанның. Тазалығы да өте жақсы, сүйсініп өтеді бәрі. Қазақи нышанда жасалып жатыр. Заманауи да жасалып жатыр.

Сыр бойы қазақи жердің қайнары болғандықтан, шығарма негізінде ұлттық нақыш сақталған. Кезінде осы жерден Ұлы жібек жолы өткендігін шеберлердің жұмыстарынан байқайсыз. Міне, көшпенділер керуені. Ал мынау кең далада шапқан тұлпарлар. Батырхан Шөкенов атындағы саяжайда өз келбетін өзгертті. Төрінде енді шығармашылық ансамбльдер орналасты

Шахмардан Байманов, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

30 миллионнан астам қаражат бөлінген. Қалалық бюджеттен бөлінген. Бұл мақсаттарға биыл 2018 жылы 20 миллионнан астам қаражат бөлінгенАрхитектуралық жағынан, көркемдік жағынан қала әкімдігімен келісім бойынша орналастырылады. Қалалық әкімдігінің атынан арнайы тақырыптық талаптар қойылады.

Бір-екі жылда композицялар мекенжайы қалаға жақын орналасқан ауылдарға қойылады. Ал қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа керемет дүниелер ұсынылады. Қызылорданың 200 жылдығына ірі құрылыс компаниялары мен бизнес өкілдері де өз үлестерін қосып жатыр. Жетпістен астам көп қабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбетін безендіріп, әрлеп-сырлауда

Шарипа САҚТАПОВА