Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда 2 жыл бұрын қолданысқа берілген көп қабатты үйдің іргесі судан қопсып жатыр

  • AstanaTV
  • 22 тамыз 2018
  • 2688

Павлодарда 2 жыл бұрын пайдаланылуға берілген көп қабатты үйдің іргесі қопсып жатыр. Жерасты суы көтерілген. Ол жаңбыр жауған күні 20 сантиметрге дейін жететін көрінеді. Тілшілеріміз үйдің сыз тартқан иісі де қолқаны қабатынына көз жеткізіп келді. Үй судан қашан арылады, олқылық неден кетті? Әсемгүл Мұхитқызы анықтады.

Шайхамила апай 2016 жылдың қарашасында екі бөлмелі пәтеріне көшіп келгенде көзіне жас алғанын айтады. 20 жылға жуық Алюминстрой шағын ауданындағы апатты саман үйде жан баққан зейнеткер ыстық суға қолым малынды деп қуанған.

Шайхамила Қайдарова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Жаңа үй берді деп, төбеміз көкке жетпей, кіріп едік. Енді сол ұзаққа бармады. Маса толған. Иіс жаман тура. Келген кісілер күледі. Далада жоқ масаны қайдан жиып алдыңдар деп. Осындай жағдайда отырмыз мінекей.

Әсемгүл Мұхитқызы,тілші:

Екі жыл бұрын пайдаланылуға берілген Ломов көшесіндегі 156 үй жертөлесінің сиқы осындай. Бұл жерден арнайы аяқ-кимім кимесең, жүріп өту мүмкін емес. Тұрғындардың айтуынша, жауын-шашын болған кезде мұндағы су деңгейі 20 см дейін көтеріледі.

12 қабатты үйдің үш подъезінің асты түгел осындай. Тұрғындар көлкіген суды қалай кептірерін білмей дал. Өз күштерімен оны сорғызғанмен, пайда жоқ. Жағдайды жертөле ішінің қапталып, бетондалуы ушықтырып тұр. Жауған жаңбыр мен кәрізден аққан су ешқайда кетпейді.

Вот это все автоматы, видите, сырость. Это нельзя. Оно все вырубает. Там уже углы уже все.

Ольга Крухмалёва, Павлодар қаласының тұрғыны:

Бұл алғашқы салынған үй. Сондықтан әкімдіктегілер кем-кетігі көп дейді. Бірақ бұл олқылық техникалық қателіктен емес пе?! Демек, оны жою керек. Қарашада үйіміздің кепілдік мерзімі аяқталады. Ол біткен соң барлық техникалық кемшілікті тұрғындар өз қалтасынан жоюы керек. Неге адамдар біреудің салғырттығы үшін жауап беруі тиіс? Түсінбеймін.

Бұл көп қабатты үй - Павлодардағы жаңа Сарыарқа мөлтек ауданында салынған алғашқы нысан. Құрылысы 2012 жылы басталғанмен, төрт жылдан кейін қолданысқа берілді. Жұмысты бірінен кейін бірі жүргізген қос мердігердің екеуі де жауапсыз деп танылған. Мамандар олқылық жобалау сатысында кетуі мүмкін дегенді жоққа шығармады. 

Қанат Қалиев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Жер асты суы дейді ғой. Сол үй салған кезде көтерілген. Геодезист мүмкін дұрыс болмаған шығар. Бірақ жобалау арқылы бәрі өтіп кетті ғой. Мемлекеттік экспертизадан өтті. Үй салынды. Үй салған мердігер қазір жоқ. Ол банкрот болып қалды. Қазір әкімдікте сұрақ көтеріліп жатыр. Жұмыстар басталды.

Құрылыс бөліміндегілер түйткіл бір айдың ішінде шешіледі деп сендірді. Үйдің кепілдік мерзімі аяқталса да, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ, - дейді мамандар. Баспанадағы кемшіліктерді жоюға қосымша мердігер іздестіріліп жатыр. Сондай-ақ, аумаққа тағы бір сорғызу қондырғысын орнату қарастырылған.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ