Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Алматы облысында 35 мың шаршы метр тұрғын үй салынады

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2018
  • 2049

Алматы облысында 40 мыңнан аса адам баспана алу кезегінде тұр. Бірақ көбі тұрғын үй "7-20-25" бағдарламасы туралы біле бермейді. "Нұр Отан" партиясының өкілдері осылай деп отыр. Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының жүзеге асыру барысын пысықтау үшін бүгін Республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері аймақтарды аралады. Олар  Талдықорғандағы 16 қабатты 3 үйдің құрылысымен танысты.

Биыл аймақта жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайтын 600-ге жуық пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалының мәліметіне сәйкес, жергілікті тұрғындардан 40 өтініш келген. Оның жартысы ғана мақұлданған. Көрсеткіш Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильяновтің көңілін түсірді. Өйткені бұл Қазақстан бойынша сұраныстың 3 пайызын ғана құрайды. Ал елде «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қатысқысы келетіндер өте көп.

Нұртай Сабильянов, "ҚР Президентінің бес әлеуметтік бастамасын" іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:

«7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жалпы Талдықорған қаласында емес, басқа да шағын қалалардағы, облыстағы, сонымен бірге аудан орталықтарында, елді мекендерде тұрғын үйлерді салуды қолға алуымыз керек. Ол үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өтініштер беріліп, жобалық-сметалық құжаттар жасалса, мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетіліп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тұрғын үйге деген жағдайын шешуміз керек.