Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының бірінші аймақтық форумы өтті

  • AstanaTV
  • 27 тамыз 2018
  • 6891

"Нұр Отан" партиясы қағазбастылықтан біржола құтылып, электронды құжат айналымға көшеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында партия осы бастаманы сәтті  жүзеге асырып жатыр.  "Нұр Отан"  осы орайда мектеп пен кітапаханалар, емхана мен жоғарғы оқу орындарымен де тығыз жұмыс істейді. Қарағандыда өткен бастауыш партия ұйымдарының бірінші аймақтық форумында белсенділер "Сандық партия" жобасын бірлесе пысықтады.

Партияны жаңғырту аясында барлық қызметті цифрландыру арқылы қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнату көзделген. Осылайша, қалаларда ғана емес, ауыл, аудандарда ІТ-сыныптар мен кітапханалар ашылғаны белгілі. Бүгінде оларда тұрғындар мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, яғни көбінесе жастар жұмыс істейді. Қызмет тиімділігін арттыру үшін өңірлерде «Сандық партия» жобасы іске қосылмақ. Яғни қағазбастылық жойылып, толығымен электронды құжаттандыруға көшеді. 

Меруерт Әйтенова, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының «Игілік» бастауыш партия ұйымының төрайымы:

Бұрын біз барлық нәрсені құжаттап, хаттап  жіберіп, почта арқылы жұмыс жасасақ, қазір әлеуметтік желілер арқылы қағазбастылықтан бізді босатып, «Цифрлы Қазақстанға» үлесімізді қоса отырып, бір жанданатын бағытты көрсетіп отыр.

«Сандық партияны» бастауыш партия ұйымдары жетілдіретін болады. Бүгін аймақтық форумға келген Астана, Алматы қалалары мен Қостанай, Қарағанды облыстарының екі жүзден астам белсендісі осы жобаның жай-жапсарымен танысты.

Тамара Дүйсенова, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партиямыздың түрлену жөнінде жаңғыру мәселесін қойған болатын. Сондықтан біздің бүгінгі кездесуіміз партиямыздың жүйелі жаңғыруына байланысты болып отыр.

Форумда адами ресурстарды басқару мен партияның кадрлық резервін қалыптастыру мәселелері де талқыланды. Онда бастауыш партия ұйымдарын ынталандыру үшін бағалау жүйесі енгізілмекші. Ұйым мүшелері мен белсенділерінің білімін жетілдіру, арнайы оқыту жоспарланған.

Шыңғысхан Қожахметов, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы «Бірлік» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары:

«Бастауыш партия ұйымының әрбір партия мүшесі өзі сол партияның кадрлық резервіне ену арқылы ертеңгі күні жоғары лауазымды немесе  жауапкершілікті үлкен қызметтерге көтерілуге және елге пайдалы жұмыс атқаруға мүмкіндігі бар».

Партиялықтар бүгін цифрлы партиядан өзге кіші және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік жастар саясаты, идеология, «Рухани жаңғыру» бағдарламаларына қатысты 22 жаңа жобаны талқыға салды. Ұйым өкілдерінің «жаңа тұжырымдама» бойынша ұсыныстары қазан айында Астанада өтетін республикалық форумда жарияланады.

Айжан ҚУАШ