Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжар өңірінде масалар қаптап кетті

  • AstanaTV
  • 27 мамыр 2016
  • 2113

Қызылжарда маса қаптап кетті. Мамандар бұл құбылысты биылғы тасқынмен байланыстырып отыр. Жәндіктерді улау шаралары жалғасқанымен, олардың саны азаяр емес. Жұрт масалар инфекциялық ауру тарата ма деп алаңдайды. Қызылыжарлық тілшіміз Абзал Құрманкин масалардан келер жауып бар-жоғын анықтап келді.

Теріскей тұрғындары тасқыннан әлі де зардап шегіп келеді. Арнасынан асқан өзен-көлдер масалардың көбеюіне қолайлы жағдай тудырды. Қансорғыштар әсіресе таң сәрі және кешке белсенділік танытады. Маса маза бермегендіктен, қала тұрғындары көшеге шығудан қалған.

Кешқұрым далада ойын қуған балалардың денелері қызыл дақтарға толы. Ата-аналар маса шаққан бойда орны қызарып, ісіп кететінін айтады.

Масқара көп. Жүре алмайсың. Аузыңды ашсаң, аузыңа да кіреді. Толып жатыр.

Кешке жақын әсіресе көбейіп кетеді. Үйдің маңайында жұмыс істеуге де мұршамыз келмей қалады. Үйден шыға алмаймыз.

Тасқынның салдарынан жазды күні масалардың көбейіп кететінін шенеуніктер әу-бастан білсе керек. Улау жұмыстарын дер кезінде қолға алу үшін олар тендерді қысты күні жариялаған. Жәндіктермен күреске биыл жергілікті қазынадан 2 миллион 200 мың теңге бөлінді. Бірақ бастапқыда қарастырылған қаражат аздық еткен көрінеді. Сондықтан қазір қосымша қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Ерік Рамазанов, Петропавл қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы секторының инспекторы:

Бюджеттен бөлінген қаражат бүгінде толық игерілді. Қазір мердігер компаниямен қосымша келісімшарт жасасып, тағы 2 миллион теңге бөлеміз. Сөйтіп, улау шаралары қыркүйек айына дейін жалғаспақ.

Жәндіктермен күресті жергілікті атқамінелер сәуір айында бастады. Бүгінде қала бойынша 200 гектардан астам жер өңделген. Улау шараларын олар күн сайын таң ата жүргізеді. Әсіресе, кісі қарасы қалың болатын саябақтарға басымдық берген.

Константин Ермолин, мердігерлік компанияның директоры:

Сәуір-мамыр айларында біз уды қаланың ішіндегі саябақтар мен үлкен мекемелерде септік.  Енді шаһардың айналасына көштік. Шөпті цепок, сульфокс дейтін дәрілермен өңдейміз. Бұл дәрі-дәрмек маса, сары маса, кене мен тарақандардың көзін жояды.

Құзырлы орган өкілдері қансорғыштар биыл жаңадан пайда болған көлшік пен су арналарынан шығуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Алайда, олардың арасында инфекция тарататындары жоқ, дейді.

Юрий Пузиков, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Безгек ауруын тарататын «анофилус-макулюпенис» дейтін сары маса біздің облыста жоқ. Солтүстік Қазақстанда тек «аэдос» және «куликс» сияқтылары ғана бар. Олар ауру тасымайды. Қаланың ішіндегі сары масалар қазір уланып жатыр. Олардың саны жақын арада азаяды.

Юрий Пузиковтың айтуынша, масалар табиғаттың бір тетігі болғаннан кейін оның мүлдем көзін жою мүмкін емес. Сондықтан, тұрғындар жәндіктерге жем болмас үшін, тиісті майларды жағып жүруге кеңес береді.

Абзал ҚҰРМАНКИН