Қазан айында Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның ірі сауда орталығы ашылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан-Қытай бизнес форумы кезінде белгілі болды. Сауда үйінің аумағы он бес мың шаршы метрге жуық. Осылайша, біздің тауарлар Қытайда сатыла бастайды. Тараптар арасында тағы қандай келісімдер бекіді? Дәуренбек Бақдәулетұлы толықтырады.
Маңызды шара Қазақстан Президенті мен Қытай Төрағасының бейнеүндеуімен ашылды. Миллиардтаған тұтынушысы бар алып нарық - қазақ тауар өндірушілері үшін нағыз мүмкіндік. Қытайларды қызықтыру оңай емес. Ұсақ детальдарға дейін мән беру керек. Алайда біздің компаниялар тауарды әдемі қаптаудың өзінен "кенже қалып" жатыр.
Нұралы Бөкейханов, ҚР Сыртқы сауда
палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
Тежеп тұрған бұл, әрине, біздің өнімнің
жалпы сапасы. Қаптаудың
сапасы. Негізінде ол қытай тұтынушыларының сұранысына сай келе бермейді. Және
біздің маркетингтік стратегиялар кей компания өнімдерінің бағасы мен нарықтағы
нишасы бір-біріне сай келмейді.
Қытайлар дорбалап та, арбалап та сатып алуға дайын дейді Палата. Көрішлерді "қаймағы бұзылмаған" ауыл шаруашылық өнімдері қызықтырады. Мысалы, қытайлық кәсіпкер Стивен Чен біз бір жылда экспорттайтын қой етін бір өзі алуға бар. Тіпті оны азсынады.
Стивен Чен, «Oborcloud» компаниясының құрылтайшысы:
Қазір Қазақстанда қой еті көлемі өте аз. Жылына не бары 100 мың тонна ет шығарады. Оның бәрін мен өзім ақ алар едім. Әзірге аздау, көлемді ұлғайту қажет. Сонда Қытай инвесторлары келіп, салаға қаржы құятын еді. Ол үшін өнімнің бар екенін көрсету керек.
Қытай - Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. Былтырдың өзінде сауда айналымы 32 пайызға өсіп, алыс-беріс 10 млрд АҚШ долларын құрады. Ал соңғы 10 жылда құйылған қаржы ауыл шаруашылығы, өндіріс, қысқасы, әр түрлі салаларға бағытталды. Осыдан 5 жыл бұрын басталған "Бір жол, бір белдеу" жобасын саясаттанушылар жоғары бағалайды.
Ерлан Қарин, саясаттанушы:
Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы, сондай-ақ бүкіл Еуразия арасындағы халықаралық ынтымақтастыққа, экономикалық, мәдени және білім беру байланысына жаңа серпін берді деп сеніммен айта аламыз. "Бір жол, бір белдеу" бастамасы аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бір платформасын ұсынды.
Ал қазанның 19 күні Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласында қазақтандық сауда орталығы ашылады. "Мейд ин Чайнаға" етіміз үйреніп кеткен біз үшін - бұл таңқаларлық жәйт. Сауда үйінің аумағы 5 мың, қоймасы көлемі 10 мың шаршы метре жуық. Қызық қазақтандық өндірушілер қалың қытайдың көңілін қалай жауламақ.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
«Бір белдеу, бір жол» идеясының 5 жылдығына арналған бизнес-форумға шамамен 300 қазақ, 150 қытай кәсіпкері қатысып, жеке-жеке жүздесті. Көрші ел біздің мұнай-химия мен ауыл шаруашылығы өнімдеріне ерекше қызығушылық танытып отыр. Қазақстан тарапы ішкі сұраныстан артылса, экспорт көлемін арттыруды көздейді.