Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда автокөлік көпірі мерзімінен жарты жыл бұрын пайдалануға берілді

  • AstanaTV
  • 07 қыркүйек 2018
  • 3991

Ал Орал қаласында көптен күткен көпір ашылды. Қаланың екі бөлігін жалғайтын өткел күрделі жөндеуден кейін бүгін қайта пайдалануға берілді. Көпір былтыр 1 наурызда екі жылға жөндеуге жабылған еді. Бірақ мердігерлер құрылысты мерзімінен жарты жыл бұрын аяқтады. Құрылыс кезінде қаладағы көлік кептелісінен қажыған тұрғындардың бірі - тілшіміз Еркін Карин.

Еркін Карин, тілші:

Бұл көпір 1965 жылы салынған. Жарты ғасыр бойы үзбей пайдаланылса да, жібі түзу жөндеу көрмепті. Тозығы жетіп, әр жерінде жарықшақтар пайда болғасын, былтыр наурыз айында жөндеуге жабылды.

Бірақ жөндеу басталған күні-ақ қала көшелерінде кептеліс көбейіп, қозғалыс қиындады. Бар салмақ қаланың қалған бөлігіндегі екі көпірге түскенімен, жағдай өзгермеді. Бүгін бар уақытын жолға шығындап, жүйкесі жұқарған тұрғындар да, жүргізушілер де енді қуанышын жасыра алар емес.

Ғалымжан Қазмағамбетов, көлік жүргізушісі:

Айналмаға да уақыт бір кетеді, екіншіден, машина көп қазір, техника көп. Пробка создавать етеді. Сондықтан бір шаруалармен асығыс шыққан кезде қиыншылық болды бірталай, осы ашылғанша. Бүгін ашылып, өте қуаныштымын. Кең, жақсы жасапты.

Манарбек Кушалиев, көлік жүргізушісі:

Осы көпір жабық уақытында біз, жүргізушілер көп қиындық көрдік. Мына екі ортада аяқты бір басатын жерге айналып барамыз. Айналып барғанда машина көп. Осындай кептелісте, уақыт жоқта, кейбір уақытта ана жақта жүргенде орталыққа келгің келмей қалады машинаның көптігінен.

Осылайша, көпір 20 метрге ұзарып, ені екі есеге ұлғайды. Енді бұл жерден тәулігіне 46 мыңға тарта көлік өтеді. Құрылысшылар жаяу жүргіншілерді де ұмытпаған. Көпірдің екі жағынан жаяу серуендейтін жолақтарды да кеңейтіпті. Ал көпірмен алғаш жүріп өту «бақыты», әлбетте, алдымен атқамінерлерге бұйырды.

Көпір бөліктерін біріктіру үшін испаниялық жаңа құрылыс жүйесі қолданылған. Құрылысшылар үш жылға кепілдік бергеніне қарамастан, өткелдің кемінде әлі жарты ғасыр қызмет етеріне сенімді.

Бақытжан Бектұрғанов, мердігер мекеме өкілі:

Қаланың орталығы, үйлер өте жақын орналасқан. Темір жол, соның үстімен өту қиын. Түнгі мезгілде істеуге тура келді. Түнгі сағат үш-төртке дейін окно алып істедік, согласовать етіп.

Еркін Карин, тілші:

Көпір құрылысына барлығы 2,3 млрд теңге жұмсалды. Қажетті қаржыны Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан компания бөліпті. Дегенмен тұрғындардың бүгінгі қуанышы ұзаққа созылмауы мүмкін. Өйткені алдағы қыстан бастап, тағы бір көпір күрделі жөндеуге жабылады.

Еркін КАРИН