Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда мектеп асханаларын жалдайтын кәсіпкерлер тегін тамақтандыруға бөлінетін қаржының аздығына шағымданады

  • AstanaTV
  • 03 қыркүйек 2018
  • 3185

Павлодарда мектеп асханаларын жалға алған кәсіпкерлер тегін тамаққа бөлінетін ақшаның аздығына шағымданды. Бүгінде бір оқушыға берілетін ыстық тамақтың құны 250 теңгенің әр жақ, бер жағы. Қазіргідей қымбатшылық кезінде бұл сома түкке де жетпейді,- дейді кәсіпкерлер. Жергілікті билік мәселені қосымша қаражат бөлмей-ақ, өзінше шешіп көрмек. Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы мән-жайды білуге тырысты. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Оқушылардың күнделікті тамақтану рационы өздеріңіз көріп отырғандай әртүрлі. Мұнда ыстық сорпа, қарақұмық ботқасымен котлет, салат, тіпті сүзбе де қарастырылған. Дәл осындай түскі астың құны орташа есеппен 248 теңге. Алайда, кәсіпкерлер бұл соманы жеткіліксіз деп отыр.

Салада 20 жыл жұмыс істейтін Риза Әбденова проблеманы жақын арада шешу қажет деп санайды. Әлбетте, бұған нарықтағы қымбатшылық себеп. Кәсіпкер оқушылардың аз мәзірі құнарлы әрі сапалы болуы үшін, түрлі айла-тәсілге баруға мәжбүр екенін жасырмады.

Риза Әбденова, жеке кәсіпкер:

Арзан, өзіміздің өндірушілеріміздің тауарларын аламыз. Апельсин, мандариндердің орнына алма береміз. Өз өндірушіреіміздің көкөнісін аламыз. Арзандау ғой. Бір балаға шамамен 400 теңгедей керек. Жақсылап тамақтандыру үшін.

Білім бөлімінің ақпарынша, қала мектептерінде былтыр 4 жарым мың оқушы тегін тамақтанған. Биыл көрсеткіш шамалап өседі,- дейді. Жалпы оқушыларды ыстық тағаммен қамтуға бюджеттен 184 млн теңге бөлінген. Қаржы көлемін ұлғайту мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Сондықтан шенділер түйткілді өзінше шешуді ұсынып отыр.

Людмила Казанцева, Павлодар қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

Тамақ ең алдымен сапалы болу керек. Сондықтан кәсіпкерлер тізімдегі бірқатар өнімді пайдалануды азайтқаны жөн. Мәселен, тұз, қант дегендей. Сондай-ақ, сырттан әкелінетін өнімдер де қысқартылмақ. Бұл ретте, тек жергілікті тауар өндірушілердің өнімін алуды ұсынамыз. Осының есебінен баға саясатында өзгерістер болады. 

Павлодар қаласында 42 білім ордасы бар. Қазіргі есеп бойынша, мектеп асханаларын 27 кәсіпкер жалға алған. Көбінің бұл саладағы тәжрибесі мол. Айта кетері, тегін ыстық тамақпен жетім және ата-ана қамқорынан айрылған балғындар, атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған және кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылардың балалары қамтылады. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ