Ал Ақтаудағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасының жағдайы мүшкіл. Науқас балалардың ата-анасы емдеу мекемесінде ешқандай жағдай жасалмағанын айтып шағымданып отыр. Мұнда он шақты жылдың көлемінде жөндеу жүргізілмеген. Бұл аздай ыстық су жоқ, тіпті дәрі-дәрмек жетіспейді. Шілде айында аурухананы тексерген мониторингтік топ та осы шағымның негізсіз еместігін растады. Анықтай келгенде емхананың жағдайын оңалтуға қаржының жоқтығы мәлім болды.
Кір-қожалақ қабырға, сыз тартқан төбе, тіпті медициналық құралдардың жағдайы да мәз емес. Сырқат балалар осындай жағдайда бірнеше жыл қатарынан ем алып келеді. Ғимарат соңғы рет осыдан 9 жыл бұрын күрделі жөнделіпті. Қазір дәрі-дәрмектің 70% науқас балалардың ата-аналары өздері сатып алады. Ал емдеу мекемесінің басшылығы облыс бюджетінен бөлінер қаржы жеткіліксіз деп алақан жайып отыр. Бес айлық қызымен осында емделген Анна Қадырова дәрігерлерден көрген қорлығын ұмыта алар емес. Айтуынша, қажетті препараттар болмағандықтан, дәрігерлер емдеуге тәуекел ете алмаған.
Анна Кадырова:
Медбикелер сөйлесуге де қорқады. Олар өздеріне жақындамаған соң, күйінген емделушілер ашуын кімнен аларын білмейді. Құлаған қабырға, жарылған төбе, тіпті баламызды шомылдыратын ыстық су да жоқ. Дәрінің көбін өзім сатып алдым.
Аурухана басшылығы бұл жағдайдан хабардар. Мәселені шешу үшін жөндеуге ақша сұрап, облыс әкімдігіне жыл сайын хат жолдайды. Бірақ қаржы тапшы. Мысалы, балалар мен ересектерге арналған жұқпалы аурулар емханасының биылғы бюджеті 273 миллион теңге. Бұл - былтырғыдан 80 миллионға аз.
Шаяхамеден
Беркалиев,
Маңғыстау облысы жұқпалы аурулар
орталығының басшысы:
Еденді тегістеп,
қабырғаны сырлау үшін, сантехниканы ауыстырып, жәй ғана жөндеу жүргізу үшін, орташа есеппен 25-30 миллион теңге керек. Ал күрделі жөндеуге кемінде 220-250
миллион теңге қажет.
Қоғамдық белсенділер мен мониторингтік топ төрағасы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының өзі "емге зәру" дейді.
Никар Рафикова, «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқын қорғау бірлестігі» ҚБ президенті:
Меніңше, емдеу мекемесін күрделі жөндеу тапсырылған құзырлы орган ең алдымен бұл аурухананың аумақты дамыту бағдарламасына қосылуын қарастыру керек. Аумақты дамыту бағдарламасында салынып жатқан нысандарға инфрақұрылымдар енгізіледі. Бірақ мұнда аурухана жоқ. Сондықтан бұл денсаулық сақтау басқармасының кемшілігі деп ойлаймын.
Рухия Алдонгарова, арнайы мониторингтік топтың төрайымы:
Егер жөндеуші мекеме үшін смета дұрыс жасалмаса, бөлінген қаржы жеткіліксіз болады, онда бұл іске икемі бар, қабілетті инвесторларды тарту керек.
Бірнеше күн бұрын мекеме
Маңғыстау облыстық ауруханасының құзырына берілді. Дәрігерлер енді
жағдай жақсарады деп үміттенеді. Өйткені аурухана ақылы қызмет көрсетіп те
табыс табады. Осы ақшаның есебінен емханалардың жағдайы түзелер деген үміт бар.