Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы жедел басқару орталығында мамандар тапшылығы байқалады

  • AstanaTV
  • 04 қыркүйек 2018
  • 3731

Ал Алматыдағы қылмыстық ақуалды орталықтан бақылап отыратын мекемеге мамандар тұрақтар емес. Полицияға хабарласқанда жедел қоңырау қабылдайтын операторлар жалақының аздығына шағымданып, жұмыстан кетіп жатыр. Айына 36 мың теңге жалақыға еңбек ететін полиция қызметкерлерін ұстап қалуға ішкі істер департаменті қауқарсыз. Жыл басынан бері арнайы сынақтан өткен 40 тәлімгердің 8-і ғана жұмыс істеуге келіскен.

«Қандай киімде болды, қашан шығып кетіп еді үйден?»

Қаладағы қылмыс туралы ақпарат алғаш осы жерге түседі. Оны шұғыл өңдеп, патрульдік полицияға бағыттау Зәуре Жорғабайдың міндеті. Он екі сағат бойы тапжылмай қоңырау қабылдайтын маман үшін ең бірінші адам психологиясын түсіне білу қажет. Ол заңгер мамандығын оқып жатқандықтан, жедел басқару орталығына тәлімгер ретінде бірден жұмысқа қабылданыпты.

Зәуре Жорғабай, Алматы қаласы жедел басқару орталығының операторы:

Неше түрлі адамдар болады. Біреуі хабарласып жылайды, айқайға басатындар да көп. Ұрып жатыр, қолымнан затымды тартып алды деп хабарласатындар да жетерлік. Ондай кезде адамды сабырға шақырып, шағымын тыңдауға міндеттісің. Ең өкініштісі, жалақы аз. Соған қарамастан, жұмыс істей бермекпін.  

Зәуренің алатын айлық еңбекақысы қазір 36 мың теңге. Айлық өседі деген үміт басым. Ал оны азсынғандар оператор болудан бірден бас тартыпты. Ішкі істер департаментінің дерегінше, биыл жыл басынан бері 40-тан астам тәлімгер арнайы сынақтан өткен. Оның ішінде сегіз адам ғана орталықта жұмыс істеуге келісіпті. Олар алдағы аттестациядан сәтті өтсе, қаржылай үстеме берілмек.

Андрей Квашнин, Алматы қаласы ІІД ЖБО басшысы:

Осы жұмысқа қабылданған қызметкерлер алдағы күндері арнайы аттестациялық сынақтан өтетін болады. Өз қызметтеріне сай болса, әрине, жалақысы ғана емес, мансабы да өсуі мүмкін. Тіпті генерал боласыздар деп, шабыттандырамыз. 

Орталыққа қазір 30-ға жуық қызметкер керек. Ішкі істер басқармасы талапқа сай келетін кез-келген адамды жұмысқа қабылдауға дайын. Десе де 102-ге қоңырау шалып, полицияның жауабын ұзақ күтіп қалатын жағдайлар кездеседі. Себебі жедел басқару орталығындағы әрбір оператор тәулігіне 1500 қоңыраудан қабылдауға мәжбүр. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ешқандай қоңырау жауапсыз қалмайды. Тіпті ерігіп, зеріккендерге де міндетті түрде жауап беріледі. Ал Алматы қауіпсіздігін қадағалау үшін 106 мың сыртқы бақылау камералары жұмыс істейді. Енді полиция 102 қоңырау қабылдау жүйесін 101, 103 сияқты шұғыл желілермен қосуды ұсынып отыр. Бұл мәселе жақында  қалалық қоғамдық кеңесте талқыланбақ. 

Ришат Асқарбекұлы