Русский Сайттың толық нұсқасы

Жеке үй салуға жер берілмейді

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2016
  • 2921

Шымкентте жер қатынастары бөліміне үш тәулікте 5 мыңға жуық азамат өтініш беріп үлгерген. Үй салуға жер сұраған тұрғындар аталған мекеменің алдына таңертеңнен жиналған. Халық арасында «үй салуға кезектен тыс тегін жер беріліп жатыр, әрі арыз қабылдау мерзімі шектеулі» деген ақпарат тарап кеткен. Алайда жер қатынастары бөлімінің басшылығы «жер берілмейді» деді. 

Қасымбек Сайлауов, Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Қазір қалада жер беріліп жатқан жоқ. Жер беріліп жатыр екен, тегін беріліп жатыр екен деген - олардың бәрі бейресми ақпараттар. Сол үшін бұл жерде ешқандай қала тұрғындарының  ешқандай ажиотаж тудырудың қажеті жоқ. Ал енді арыз өтініштерін беретінге келетін болсақ, ол азаматтардан арызды қабылдаудың ешқандай шектеуі жоқ.

Жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, дәл қазір Шымкент қаласында 65500 адам кезекте тұр. Оларды жер телімімен қамтуға жалпы аумағы 8 мың гектар жер қажет.

Алайда қазір тұрғын үй тұрғызуға дайын жер жоқ, дейді мамандар. Өйткені алдымен инфрақұрылым тартылуы тиіс.

Дәл осындай дүрбелең Астанада да болды. Астанада да атқарушы билік «жер берілмейді, ол үшін әуелі инфрақұрылымдар тарту керек, ал оған қаржы жоқ» деген жауап берді.

Жұмада Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев жеке үй салуға қажетті инфрақұрылымдар тартуға бюджетте ақша жоғын ашық айтты. Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті отырысының үзілісінде. 

Иә, заң бойынша газ құбырлары мен электр бағаналары тартылмайынша жеке үй салуға жер бөлінбейді. Оған қаржыны жергілікті атқарушы билік бөлуі керек. Министрдің айтуынша, экономикалық жағдай, бюджет мүмкіндіктері ақша бөлуді көтермейді. Осы аптада ақпарат құралдарында Алматы облысындағы электр энергиясы жоқ, газ жоқ, су жоқ, жолы жоқ  Бәйдібек елді-мекені көрсетілді. 60 үй салынған, жартысында адамдар тұрады. Пеште тамақ пісіріп, самаурын қайнататын олар үшін жалғыз жарық интернет. Телефондарын қалада зарядтап әкеледі. Инженерлік – коммуникация тартылмаса да жер бөлінген. Себебі тентіреп, пәтер жалдаудан шаршаған адам көп. Бөлген адамдардың гуманист екендері даусыз. Ал инфрақұрылым тартылмайтынын қалай білмеді? «Әйтеуір төрт қабырға болса, болды» қағидасы ма?  Мұндай жағдайда тіршілік қылу тауқымет ғой. Әрине, кең байтақ жерімізде тұрғындарға 10 сотық жер табылмауы жұмсартып айтқанда түсініксіз. Дәлірегі - инфрақұрылым тартуға келгенде ақша табылмайтыны. Алайда емексітіп, жер бөліп, одан адамдар үй салып алғаннан кейін «тас дәуірінде» тұрғызу -мансұқ ету...