Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қара бала»... Бэби-бокс салу керек!

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2016
  • 4339

Қыздардың туған балаларын әжетхана, қоқыс жәшіктеріне тастап кететіндері рухани тоқырау-деградацияны көрсетеді, бір. Екінші - жалған намыстың шегіне жеткенін дәлелдейді. Бұл тарам-тарам – мысалы, миллиондаған теңге несие алып, той жасау ұят емес, жасамаған ұят. Баланы лақтырып кету ұят емес, балаларға жыныстық тәрбие беру, қауіпсіз жыныстық қатынас туралы айту ұят. Үшінші -  әлеуметтік жағдай. Кедейшілік.

Жыл басында Жамбыл облысында болған оқиғадан кейін енді қайталанбайтындай көрінген әрекет жалғасып жатыр. «Масқара» дейді екенбіз де, кете береді екенбіз... «Баланы алмаймын» деп қолхат жазып, балалар үйіне өткізіп кетуге жете алмай қалдық. Айтпақшы, Жамбыл облысында облысында жаңа туған сәбиді көлік терезесінен лақтырып жіберген әйел темір торға тоғытылмайды. Ол психикалық диспансерде емін жалғастыра береді. Кеше шыққан сот шешімі сондай. Судья кінәлі болса да, есі дұрыс емес адамға жаза тағайындалмайтынын айтты. 
Сотқа айыпталушы қатысқан жоқ. Күйзеліс белгілері табылғандықтан, ол Тараздағы психикалық ауытқуы бар адамдарды емдейтін мекемеге жатқызылған болатын. Ал егер ақыл-есі дұрыс болған жағдайда, 54 жастағы әйел 20 жылға дейін, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді.
Айжан Қуаштың материалы.

Жантүршігерлік  оқиға Қарағанды облысының Кеңгір ауылында болды.Мына нәрестені 10 күн бұрын туған анасы қоқыс жәшігіне лақтырып кетті.Қатыгездігі сонша, шала туылған шақалақтың аузына дәретхана қағазын тығып тастапты. Бірақ,баланың көрер жарығы бар екен. Тұрғындар тауып алып, аман қалды.

Айжан Иса, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

17 мамыр күні сағат 16-17 аралығында бізге Жазқазған қалалық перзентханасына осындай жаңа туылған бала түсті. Қал-жағдайы ауыр болды.Өйткені, ол бала өзі демала алмады.Қазір бала өзі демала алады.900 грамм. Енді 2 кг толғаннан кейін,сонда ғана оны шығарамыз.

Көкек ана Жезқазған политехникалық колледжінде оқитын 18 жастағы студент қыз. Анасы-акушер-гинеколог.Әкесі –ветеринар. Былайша айтқанда, ауылдың сыйлы отбасында тәрбиеленген.Тіпті, баланы да өзінің сүйген жігітінен көтеріпті.Тек кедейге тұрмысқа шығуына ата-анасы қарсы болған. Біздің арнамызға телефон арқылы сұхбат берген оқу орнының басшылығы қылмысқа отбасының осы қаталдығы себеп болуы мүмкін дейді.

Телефон арқылы: Гүлсім Сандықбаева, Жезқазған қалалық политехникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Сабағынан ешқашан себепсіз қалмаған. 3 жыл оқу барысында қоғамдық жұмыстарға,қалалық шараларға да қатысатын. Ол баладан дәл мұндай шығады деп ойлаған жоқпыз. Ата-анасына толық ештеңе айта алмаған , мамасы мен қызының арасында сырласу болмаған деп ойлаймын. Анасының дәрігер бола тұра, байқамағанына ішіміз удай ашиды.

Оқиғаның мән-жайын енді полицейлер анықтамақ. Тоқталатыны, қыз кеше ғана жігіттің үйіне келін болып түсті. -Балаларын қайтып алғалы жатыр,- деген сыбыс бар. Бірақ, қатыгез анаға қатысты Қылмыстық кодекстің 100-інші  яғни, «Жаңа туылған нәрестені өлтіруге әрекеттену» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып қойды. Кімнің қалай жазаланатыны әзір белгісіз.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық іід баспасөз хатшысы:

Жедел іздестіру барысында аталған қылмысқа қатысы бар 18 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды.Кінәсін толық мойындау көрсетпелерін берді. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеп,тексеру амалдары жүргізілуде. Азаматшаға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданды. Сотқа дейінгі тергеп,тексеру аяқталғаннан кейін бұл іске қатысты нақты процесуалдық шешім қабылданатын болады.

Ғаламторды шарлаған тастанды шақалақтың суреті қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады.Қарағандылық кәсіпкер Әлия Садырбаева әлеуметтік желідегі парақшасында сәбиді асырап алғысы келетінін жазды. 6 баланың анасы өмір үшін күрескен титтей Елжасты бауырына басуға дайын.

Әлия Садырбаева, көп балалы ана, кәсіпкер:

Тіпті шарасыз болса, мен бұл баланы алып, басқа балаларыма берген мейірімге бөлей аламын. Өйткені, бала қалаусыз туылғаны немесе ақшаның тапшылығы үшін кінәлі емес.Өзін сүйетін отбасында өмір сүруге құқылы. Осы сөздерді парақшама жылап отырып жаздым. Анасы маған жазсын, хабарлассын.Мұндай трагедия болмау үшін оған қалай да көмектесуге әзірмін.

Мейірімді анадан туған бала да мейірімді. Әлияның ортаншысы 9 жастағы Нұрмұхамед те сонау Жезқазғандағы кішкентай Елжасты күтіп жүр. Көзі ашық, көкірегі ояу ана өз шешімін балаларынан жасырмайды.

Нұрмұхамед Мейрамбек:

Я бы хотел, чтобы у нас появился маленький малыш.Я бы с ним играл и защишал бы.Я бы его учил всему.

Әлия ойланбай от басқан бойжеткендерге қол ұшын бергісі келеді. Кез келген анаға рухани, медициналық,психологиялық,ақпарттық көмек көрсетуге дайын.Өзі шығаратын журнал беттерінде жетімдердің суретін жариялап, балаларға жаңа отбасын іздейді. Жуықта жағдайы нашар адамдар үшін «Рахмет» дүкенін ашты. Халықтан киім-кешек,қажетсіз бұйымдар жинап, оны мұқтаж жандарға таратады.Әлия осылайша күн сайын ондаған отбасына қамқорлық жасайды.Ондағысы онсыз да рухани дүниесі жұтаң ересектердің кесірінен,бүлдіршіндер жапа шекпесе  дегені.

Әлия Садырбаева, көп балалы ана, кәсіпкер:

Біздің рухани жан-дүниемізді материалдық құндылықтар басып барады. Сондықтан кешенді жұмыс жасау керек. Қаржылық қолдау, білім жетілдіру курстары қажет. Ата-ана балаларына мұқият болуы тиіс. Материалдық құндылықтың артынан қуып жүріп,балаларымыздан айырыламыз.

Расында да,кішкентай Дарина психологтардың арқасында «тастанды» атанбай қалды.Одан да анасы бас тартпақ болған. «Аналар үйінің» мамандары Мария Чернаймен ұзақ жұмыс жасап, ақыры арам ойынан айнытты. Енді әйел жақындарының қолдауынсыз-ақ, баласын асырай алатынына сенімді. Қызы ешкімнен кем-қор қалмасын деп, тігін тігуді де үйрене бастаған.Осылайша, жүре оянған аналық махаббаты үлкен жоспарларға әкелді.

Мария Чернай, жалғыз басты ана:

Дарина өсіп, екі жасқа толғанша үйде отырамын.Осы уақытты пайдаланып, мамандық алғым келеді. Кейін жұмысқа тұрсам тәжірибем болады.

Мария секілді келіншектерге бала күтуші көмектеседі. Олар аналар үйінде бала асырап, тәрбиелеуді үйренеді. Мамандардың айтуынша, мұндағы қыздар кедейлік пен жұмыссыздықтан балаларынан бас тартпақ болған. Қолдауды сезінген соң ол ойларынан айныған. Жағдайсыз аналар балаларын Өскемендегі балалар үйінің «Үміт» тобында қалдыра алады. Оқуын тәмәмдап, тұрмыстық,қаржылық мәселелерін шешіп, жұмысқа тұрғанша сәбилер осында тұрады. Жыл сайын бұл топта 60 бүлдіршін тәрбиеленеді. Сөйтіп, жүздеген бала ата-анасымен бәрібір қауышады.

Гүлнәр Даниярова, Өскемен қалалық мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері:

Мұндай «Үміт» топтары жетімдіктің алдын алу үшін керек.Аналар балаларына бауыр басу үшін аптасына бір рет келулерін талап етеміз. Материалдық қиындық болса да, балаң - бауыр етің, тудың ба, балаңды тастама. Онсыз да үкімет асырап отыр ғой деп, үгіттейміз.Сөзіміз жерде қалмайды.

Бірақ, ақтөбелік Мәншүк Мәметованы анасы емес, мейірбике бағады. Туған анасы табылмады.Оның бұл аты мен тегін медбикелер қойған. Нәрестені безбүйрек шешесі кіндігін кеспестен, қапқа салып ауыл шетіндегі әжетханаға тастап кетіпті.Түн ішінде шырылдаған сәбиді ауыл тұрғыны тауып алып, жедел жәрдем шақырған. Перинаталды орталықта емделген бүлдіршін қазір «Үміт» сәбилер үйінің қамқорында.

Гүлнәр Есмұхамбетова, Ақтөбе облыстық «үміт» сәбилер үйінің нәрестелер тобының медбикесі:

Қазіргі таңда Мәншүктің көңіл-күйі жақсы. Келгеніне 1 жетідей болған жоқ.Міне, 250,150 граммдай салмақ қосты. Бойының ұзындығы 53 см.

Қадірбек Иманбаев, Ақтөбе облыстық «үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері:

Баланы егер керек етпейтін күнде де сол перинатальды орталықтарға бас тартып,өздігінен қолхатын жазып кетуіне болады. Жаңағыдай затқа барудың қажеті жоқ. Барып, бір жерлерге, қараңғы жерге,дәретхананың ішіне апарып тастап кету деген ол,жануарлардың өзі ондай жасамайтын заттар.

Бөбектер үйі мен оңалту орталықтары қанша тырысса да, балаларын тастап кететін  безбүйрек аналар көбеймесе, азаймай отыр.Соңғы бірнеше айда 5-6 сәби қоқысқа, әжетханаға, жол бойына тасталды. Соңғы рет Жезқазғанда болған жағдайдан кейін заңгерлер елімізде тез арада «Бэби-бокс» жүйесін енгізу керектігін айтады. Біраз жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, былтыр Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бала қалдырып кететін арнайы қораптар Қазақстанда қойылмайтынын мәлімдеген болатын. Ал заңды қатайтқанмен, «тастаймын» деген адамның бәрібір тастайтынын мамандар айтып отыр. 

Бақыт Түменова,  «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті,заңгер:

Егер де баланы тастаймын десе, қатайтқанмен бәрібір тастайды, тастайын деген адам. сондықтан, менің ойымша,жағдай осындай боп тұрғаннан кейін бүгінгі күні біздерге бэби-бокс керек. Бэби-бокс оған қанша қаражат кетеді, екіншіден,жаңағы сәби баланың өмірінің бағасы қаншалықты, оны өлшеуге болады ма? Жаңағы бэби-бокс екеуін салып салыстырып дегендей...

«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті «бэби-бокстар» қоюмен бірге білім жүйесіне «жыныстық тәрбие» туралы сабақтар енгізу қажет деп санайды. Қор жүргізген сауалнама балалардың 10 пайызының 12 жаста, ал 20 пайызының 14 жастан бастап «ересектерше есейетінін» көрсеткен. Сондықтан жаһанданған заманда балалардан бұрын үлкендердің көзін ашу керек,-дейді мамандар.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті,заңгер:

Оған бір жағынан семья да кінәлі. Бізде, қазақтардың арасында бір «Ұят»деген сөз бар. ал, жарайды,сондай жағдай болып қалды.Баланың артықшылығы ешқашан болмайды. Егер сол кезде жанұясы,әке-шешесі,апайлары,жақындары,апалары, қазақтарда көп қой туыстар. Той өткізсеңіз осы кредит алып 5 жүз адам, мың адам шақырады.Со кезде,сондай жағдай боп қалғанда неге солар тірек болмайды? Ұят, ол-масқара! егер сенің қызың,балаң өз баласын жаңағыдай өлтіріп,бір жерге көміп тастаған, бұл деген масқара ешқашан болмаған нәрсе.

Біздің түйгеніміз расында да әр отбасы, әр мектеп, оқу орны осы мәселеге назар аударуы керек сияқты. Ең бастысы, нәресте - ет пен сүйектен жаралған, жаны бар адам екенін түсіндіру. Ал, адамзатқа қиянат жасау, ол екі дүниеде де жазасы ауыр қылмыс.

Айжан Қуаш, "Біздің Уақыт".