Таразда қоғамдық көлік жүргізушілері бас көтерді. Бүгін түске дейін қалада автобустар рейске шықпай, тоқтап қалды. Жүргізушілер жол сақшыларына ашулы. Айтуларынша, жол полициясы себепсіз тоқтатып, автопарк жүргізушілеріне орынсыз айыппұл салады. Екі ортада аялдамаларда автобус күткен қала тұрғындары жолдарынан қағылды. Дауға қала әкімінің өзі араласты. Тараптарды Данияр Әлімқұл тыңдап қайтты.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Тәртіп сақшылары титықтап бітті деген жүздеген жүргізуші жаппай наразылыққа шықты. Талаптарын табандап тұрып тыңдатпақ болған олар жол сақшыларының әрекетінен әбден қажыған. Айтуларынша, сақшылар қырық сылтаумен автобустарға айыппұл салуды әдетке айналдырған.
Тәртіп сақшылары осылайша таң сәріден тоқтатып, жүргізушілерді жұмыстан қалдырып жатқанына қарсы шықты. Он шақты автопарк жұмысшылары бір күнде әй-шайға қарамастан 10 хаттама толтырылатынына наразы.
Сәрсенәлі Төребеков, жүргізуші:
Жол полициясы күн бермейді. Таңғы сағат 6-дан парктің алдына жиналып алған. Ең кемі 6 мың, алды 66 мыңға дейін штраф жазып жатыр. «Сенің анау дөңгелекке тірейтінің жоқ, жүр айыптұраққа. Сенің апатты белгің жоқ, жүр айыптұраққа», - дейді.
Болат Сейдалиев, жүргізуші:
Анау басынан мынау басына дейін 10 ГАИ ұстайды бізді. Заңсыз сылтау таба береді кез-келген жерде. Не бір орындық жетпейді дейді, не түтін шығады дейді, анау жерің сынық дейді, бір болтың түсіп қалған дейді. Тыныштық бермейді бізге.
Мұндай қолдан жасалған бөгеттерді жолаушылар да біліп алған. Жеме жемге келгенде қарапайым қала тұрғындары зардап шегіп отыр.
Гүлжанат Құдайбергенова, Тараз қаласының тұрғыны:
Осы жағдайдың кесірен мен, мысалы, жұмыстан кешігіп жатырмын. Жол полиция қызметкерлері осы автобус жүргізушілеріне көптеген кедергі жасайды деп естідік. Енді ол кісілерді де түсінуге болады.
Қала әкімі жолполды жақтап шықты. Бәрі қауіпсіздік үшін, деп шыр-пыр болады. Тіпті жүргізушілердің арыз-шағымы орынсыз дегенге келтірді.
Ғалымжан Әбдірайымов, Тараз қаласының әкімі:
Бұл бір автобус паркін жауып тастау үшін емес. Бұл автобус паркіне қарсы жасалып жатқан шара емес. Бұл тек қана халықтың қауіпсіздігі. Енді сол халықтың жағдайын неге ойламаймыз? Сендер неге өздеріңнің жаңағы кішкентай ғана айнам үшін, анау үшін, мынау үшін жауып тастады деп айта бересіңдер, а?
Полиция болса, бұл бір жарым айға созылатын рейдтік шара екенін айтып отыр. Олар осы уақытта автобус жүргізушілеріне қатысты 673 хаттама толтырыпты.
Самат Құсайынов, Тараз қаласы ІІБ ЖППБ командирі:
Наразылықпен ештеңе шешілмейді. Менің осы жағдайда айтарым, автобус иелері автобустарын қалпына келтірсін деген ұсынысым бар. Жақында ғана 20 автобус әкелді. Қалғандары 2011, 2012, 2013 жылғы ескі автобустар. Сондықтан түтін де шығып жатыр, техникалық ахуалдары да нашар.
Тәртіп сақшыларына тосқауыл бола ма деген жүргізушілер, түк өзгермейтінін түсінді. Ал автобус жүргізушілерінің ашуын тіпті автопарк басшылары да баса алмады. Көлік иелері енді аймақ әкімінің алдына баруға дайын.