Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысы 10 жылдан бері "Ақбұлақ" бағдарламасымен су тарта алмай отыр

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2018
  • 3727

Атырау облысында тұтас бір ауыл өзен суымен күнелтіп отыр. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырын жүргізіп бастағалы 10 жылдан асты. Бірақ халық оның игілігін көре алмайтын сияқты. Ауыз суға зәру тұрғындар жергілікті биліктің әрекетсіздігіне наразы. Ауыл тұрғындарымен әріптесім Базаргүл Нәдірқызы кездесіп қайтты.

Балалар сабақтан босаған уақытта тұрады таңертеңнен кешке дейін. Енді бала жұмсамағанда, кімді жұмсаймыз. 

Құрманғазы ауданына қарасты Жыланды ауылының көрген күні осы. Ескі құбырды айналшықтап тамшы да тамбаған күндері  шұңқырға жиналған суды таласа сарқып кетеді. Бұл құбырға су өзеннен келеді,- дейді олар. Ауыл халқы үміттенген "Ақ бұлақтан"  қайыр болмай тұр. Құбыр тарту басталғанмен, оның бітуі жырға айналған.

Болат Сапиев:

Осыдан 85-ші жылы тартылған насос станциясы бар. Бұл жарамсыз. Бұл 25 жылға берілген. Қазір 33 жыл жұмыс істеп тұр. Қазір оның айдағаны батпақ су. Ішуге мүмкіндік жоқ. Әркім колонканың шұңғырларынан су алады.

Сәния Қалиева:

«Ақ бұлақ» келеді дегелі он жыл болды. Он жылдан бері баламыз қазып, кіргізіп счетчигін салып қойдық. Тамбайды. Бізге су керек. Жаз болса, жуынайық десек, суымыз жоқ.

Аудан атқамінерлері 1998 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы қолға алынғанын айтты. Оған 190 млн теңге қаржы да бөлінген. Алайда таза су жеткіземін деп тендер арқылы келген екі компания да қаражатты қолды қылған.

Жасұлан  Сүндетов, Құрманғазы ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

Ең бірінші бастаған «Атырау Транс Газ» ЖШС, «Центр Строй ЛТД» - екеуі де істі болды. Екеуі де сот шешімімен "недобросовестный" деп танылды. Ол мекеме жоқ. Басшыларды да жоқ. Оны табудың ешқандай мүмкіндігі жоқ

Қалған 24 миллионға үшінші мердігер келген. Іштегі насостар тазаланып, екі айда іске қосылады дейді. Бірақ ол компания  9 айдан бері жұмысшыларға жалақы бермепті. Оған қоса, жұмыстары тағы да "шикі" дейді. 

Есенбек Замиров:

Башня жалғанған жоқ. Насос әлі жетпейді. Насосты ауыстырмай болмайды. Жалақы береді дегенге бір жыл болды уже. Январдан бастап көрген жоқпыз.

Ауыздары күйген ауыл тұрғындары, үшінші компания да «іс бітті, қу кеттінің» кебін кимесе деп тілейді. Судан тарыққан халықтың төзімі де таусыла бастаған.